Көші-қон заңнамасын бұзған 61 қытайлық Қазақстаннан шығарылды – Игорь Лепеха

Дәурен Ерболат
фото: Halyq Uni

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режимге қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, қос ел арасындағы визасыз режим туралы келісім күшіне енсе, шекарада адамдар ағыны артады.

Қытай тарапы қазір визасыз режим жұмыс істей бастаса, екі ел арасында азаматтар ағыны артатынын түсініп отыр. Біріншіден, заңсыз көші-қонды бақылау үшін Қазақстан мен Қытай Үкіметтері қос елдің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісімді ратификацияламақ. Біз келісімді ратификациялап, параллель жұмыс істей бастаймыз. Осы заңға қол қойылса, визасыз режим әрекет ете бастайды, - деді Игорь Лепеха Сенаттың жалпы отырысында.

Ол бұл заңға қол қойылса, Қытай азаматтары Қазақстанда 30 күн жүре алатынын атап өтті.

«Келісімге қол қойылса, олар елімізде 30 күнге дейін заңды түрде жүре алады. 30 күн өткен соң шекарадан кіріп-шығу арқылы жарты жылда 90 күнге дейін бола алады. Қазақстанда заң бұзғандар сотқа жолданады. Сот шешім қабылдаса, сол бойынша жұмыс істейміз. Биыл 61 Қытай азаматы заң бұзғаны үшін елден шығарылды. Олар көші-қон заңнамасын бұзған. Транзит арқылы өткенде мерзімді сақтамағандар бар», - деді министрдің орынбасары.