×

Жүз мыңға да жетпейді: Мектеп директоры орынбасарлары жалақысын көтеруді сұрайды

Олар министрлікке хат жазу үшін қол жинап жатыр

 Ербол Тұрымбет 05.10.2023 | 10:57
Коллаж: Halyq Uni

Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы 33 мектептің шаруашылық жөніндегі орынбасарлары нарықтың қымбаттауына байланысты жалақысын 30%-ға көтеруді сұрайды. Себебі олардың мойнына түскен жауапкершілік ауқымы ұлғайып кеткен. Ал алатын жалақысы мардымсыз, нарық бағамына сай келмейді.

Айталық, бүгінде күзгі-қысқы маусымға дайындық, мектеп ғимараты мен аумағын абаттандыру және күтіп ұстау, жаңа оқу жылына дайындау және басқа да шаруаларын қоса есептегенде директордың шаруашылық жөніндегі орынбасарының мойнында 44 жүктеме тұр.

Ғ.Мүсірепов атындағы жалпы орта мектебі директорының орынбасары Гүлшара Гиляжеваның айтуынша, техникалық персоналға ешқандай қосымша еңбекақы қарастырылмаған. Тек жалақымен жүреді.

Мысалы, қазір білім саласында істеген 14 жылдық еңбегіме 120 мың теңге ғана алам. Оның өзінде оған осы биыл қаңтарда ғана жеттім. Ал кей жерлерде жалпы еңбек өтілі есепке алынбайды, тек мектепке шаруашылық меңгерушісі болып келген уақыты ғана есептеледі. Сондықтан атқарып жатқан жұмысының көлеміне қарамастан жалақы өте аз болады, - дейді ол.

Бір қызығы, сол айтылған 44 жүктеменің ішіне мектеп автобусын техникалық бақылауды да кіргізіп қойған. Ол автобустар негізі қашықта тұратын балаларды тасиды. Таңертең жолға шығатын жолдамасына директор, шаруашылық орынбасары және медбике қол қояды. Бұл мәселе техперсоналдың жыл сайынғы дауына айналған. Өйткені, автобусқа не жүргізушіге жолда бір жағдай болып қалса, ешкім мойнына алғысы жоқ. Себебі директордың орынбасары механик емес, автобустың ішінде қай детальдың қалай жұмыс істеп тұрғанын білмейді. Соған қарамастан, көлік жолда апатқа ұшыраса, қол қойған «механик» – директор орынбасары болып шығады.

Сонымен бірге, техперсоналдың ішінен тек кітапханашы мен лаборантты ғана бөліп алып, солардың ғана жалақысын өсіруді қателік деп санайды.

Мысалы, менің қарауымда кітапханашы жұмыс істейді. Ол кісілерге қағазбен жұмыс істейді деп 30% қосымша берді. Одан бөлек, кітапханашылар мен лабораттарға жылда 25% аудандық коэффицент қосылады. Сол қағазбен біз де жұмыс істейміз. Одан қалды, автобустың жағдайына жауапты болып, мектептің бар шаруасынан бөлек, жылу қазандығының жұмысына күні-түні алаңдап жүргенде ондай қосымша қарастырылмаған, - дейді Гүлшара Гиляжева.

Айта кетерлігі, бұл мәселені сала өкілдері үнемі көтеріп келеді. Оған Оқу-ағарту министрлігі «Ашық НҚА» порталында жауап берген.

Білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметкерлер лауазымдарының тізіліміне сәйкес техникалық персоналдың лауазымдары С және D блоктарына жатқызылған. Әкімшілік және көмекші персоналдың қызметкерлері (С және D блоктары) барлық сала үшін ортақ саналады және олардың жалақысы бүкіл салада бірге көтеріледі, - делінген министрлік жауабында.

Айта кету керек, Президенттің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айтылған тапсырманы жүзеге асыру аясында білім беру ұйымдарының педагогикалық емес қызметкерлеріне, оның ішінде әкімшілік, көмекші персонал қызметкерлеріне 2022 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңде жалақыны кезең-кезеңімен арттыру көзделген. Мәселен, 2022 жылы – 23%, 2023 жылы – 45%; 2024 жылы – 71% және 2025 жылы – 100% артпақ. Мұның бәрі 2021 жылғы жалақыға қатысты есептеледі.

Осыған байланысты, білім беру ұйымдарының әкімшілік және көмекші персоналы (С және D блоктары) қызметкерлерінің жалақысы 2023 жылы 45%-ға өскен. Осы айтылғандарға сүйене отырып, 2025 жылға қарай осы санаттағы қызметкерлердің жалақысы 100% артады.

Алайда, мектеп директоры орынбасарларының сөзінше, бұл қазіргі нарық бағамына мүлде сай келмейді. Сол айтылған Құрманғазы ауданындағы 33 мектептегі директор орынбасарларының ішінде жалақысы 100 мыңға жетпейтіндері де жетерлік. Ал шаруашылық жөніндегі меңгерушілер орынбасардан да аз алады.

Сондықтан аталған орынбасарлар ұжымдасып қол жинап, кәсіподақ пен аудан, облыс басшысына, қала берді министрлікке дейін хат жолдап, жалақыны өсіруді талап етпек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама