Halyq Uni логотип
×

Ақмола облысында агроном 25 тоннадай бидай ұрламақ болған

ЖШС директоры кәсіпорында ұрлық жасалғанын білмеген

 Динара Амантай 04.10.2023 | 16:38
Ақмола облысында агроном 25 тоннадай бидай ұрламақ болған
Фото: polisia.kz

Ақмола облыстық ПД ҰҚҚКБ қызметкерлері 25 тонна бидай ұрлығының жолын кесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлеріне жұмыс барысында Бұланды ауданының аумағында үлкен көлемде астық ұрланып жатқаны туралы ақпарат түскен.

Жедел уәкілдер бірден айналма және далалық жолдарды пысықтап, істі ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдайтын жүргізушілерден ілеспе құжаттарды тексеруден бастады. Нәтижесінде полицейлер тиісті құжаттарсыз 25 тонна бидай тасымалдаған КамАЗ автокөлігін анықтады. Автокөлікті тексеру барысында құқық қорғау органдары 49 жастағы жүргізушіден тіркелмеген травматикалық қаруды тапты. Барлық мән-жайларды анықтау барысында жүк көлігі бар жүргізушіні жергілікті ЖШС-нің бірінің 36 жастағы агрономы жалдағаны белгілі болды. Ал ЖШС директоры кәсіпорында не болып жатқанын, ұрлық жасалғанын білмеген.

Аталған фактілерге қатысты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы («Ұрлық») бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді бастады. Сондай-ақ қаруды алып жүру фактісіне қатысты жүргізушіге қатысты ҚР ҚК-нің 287-бабы («Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру») бойынша қылмыстық іс басталды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама