Ақтөбе қауіпті өндірістік қалдықтар астында қалып отыр

Қымбат Елтайқызы

Бұндай 43 факт тіркелген

фото: Halyq Uni

Бас прокуратураның ресми өкілі Дархан Дүйсембайдың айтуынша, соңғы кездері азаматтардың елді мекендер маңындағы тұрмыстық және өндірістік қалдықтардың заңсыз шығарылуы туралы арыз-шағымдары жиілеп кеткен. Осыған орай, Бас прокуратура уәкілетті органдардың табиғатты қорғау саласында экологиялық заңнамалардың сақтауына тексеру жүргізді. Прокурорлар кәсіпорындардың өндірістік қалдықтарды өңдеусіз рұқсат етілмеген жерлерге төккені туралы 43 фактіні тіркеді.

«Мысалы, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты экологиялық тұрғыдан рұқсаты жоқ кәсіпорындарға 150 мың тоннаға жуық қауіпті қалдықтарды өткізген. Ал кәсіпорындар сол қалдықтарды өңдеусіз қаладағы бос жатқан жерлерге тастаған. Бүгінгі таңда кінәлілер әкімшілік жауапқа тартылды. Олардан 80 млн теңгеден астам шығын өндірілді. Оған қоса, зауытқа қоршаған ортаға эмиссия түрінде 1 млрд 600 млн теңге көлемінде төлемақы есептелді», – дейді Дүйсембай.