Талақ болып, абыройынан айырылған қазақ қыздарының өкініші қоғамға сабақ болуға тиіс
Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай жат діни ағымдар жастарды соқыр фанатизмге, радикализмге итермелеп жатқанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, AMANAT партиясы қасиетті домбыра мен қастерлі ұлттық құндылықтарды жат ағымдардың қорлауына жол бермейді.
«Біз Парламенттегі ең ірі фракция ретінде ұлтты бөлетін, арамызға жік салатын теріс әрекеттерді де тезге сала алатынымыз анық. Елді бөлшектеуге жол жоқ. Дүрбелеңі көп, бүгінгі аласапыран қоғамда ұлттық асыл мұраларымыз – салт-дәстүрлерімізге деген шабуыл көбейіп жатыр.
Әсіресе, жастарды соқыр фанатизмге, радикализмге итермелейтін жат ағымдар, әлеуметтік желіде сананы улайтын теріс уағыздар, тынысымызды тарылтып, алқымнан алып барады. Бұл – ұлттық мұратымызға, тұтастығымызға төнген қауіп! - деді Аманжол Әлтай Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.
Депутат жат ағымдардың қасиетті домбырадан бастап, тұсау кесу, беташар мен сәлем салу сияқты дәстүріміздің барлығын «харам» деп, ата жолынан адастыруға тырысып жатқанын атап өтті.
«Тіпті, ұлыстың ұлы күні саналатын Наурыз мейрамын да қаралаушылар баршылық. Қара жамылып, паранджамен бетін тұмшалап алған қаршадай қыздарымызды, сақалының ұшына қайшы тигізбей жалбыратып, балағын кесіп шолтитып, екі көзі қанталап келе жатқан ұлдарымызды көргенде қабырғаң қайысып, көңілің құлазиды.
Радикалды ағымның кесірінен Сирияға кетіп, қыршынынан қиылған ұлдардың тағдыры, содырлардың қолжаулығына айналып, апта сайын талақ болып, абыройынан айырылған қазақ қыздарының өкінішке толы адасқан өмірі қоғамға сабақ болуға тиіс еді. Бірақ бүгінгі ахуал өткеннің қателігінен сабақ алмағанымызды көрсетеді.
Атаның батасын, әкенің ақылын, ананың өнегесін бойына сіңіре білген, сенімі берік, намысшыл халық едік, жат ағымдарға көндігіп, уағызшыл болып барамыз. Бірігуге емес, бөлінуге, өнегеге емес, өсекке өңешімізді созамыз. Өзіміздің асылымыздан жеріп, өзгенің жасығына үйірміз. Танымымыз тарылып, нанымымыз лайланып, қоғамның түсінігі қырыққа бөлініп жатыр», - деді ол.
Аманжол Әлтайдың пікірінше, төл мәдениетімізге, ұлттық тәрбиемізге мән беріп, жат ағымдардың шабуылына тыйым салғанда ғана өнегелі ұрпақ тәрбиелей аламыз.
«Ұл-қыздарымызды теріс уағызбен емес, ұлттық тәрбие арқылы жөнге сала аламыз. Ол үшін мемлекеттік деңгейде ұлттық идея қолға алынуы керек. Мемлекет діннен бөлекпіз деп, жат ағымдардың тайраңдауына жол берілді. Ұлттық құндылықтарымызға, салт-дәстүрімізге шабуылдаушы күштерге «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмады. Өкінішке қарай, етек-жеңімізді жинап, есімізді жыя алмай келеміз!
Біз мемлекет ретінде араласып, жөнге салатын уақытымыз әлдеқашан келді. Үкімет осыны ойлап, нақты қадамдар жасауға тиіс. Халықты аздыратын осындай шабуылдарға тоқтау, заңмен тыйым салмасақ болмайды. Салт-дәстүрімізбен, төл мәдениетімізбен үйлесім тапқан дәстүрлі дінімізді жат ағымдармен бұзып алмайық! - деді депутат.
Бұған дейін депутат Ермұрат Бапи Қазақстанда теріс діни ағымдардың артында кімдер тұрғанын айтқан еді. Сондай-ақ депутат Қазыбек Иса бұрын ҰҚК-нің олармен күресуге қарсы болғанын мәлімдеді.