Оның кінәсі жәбірленуші, куәгерлердің айғақтарымен расталды
Ақмола облысы Астрахан аудандық соты Острогорск ауылдық округінің бұрынғы әкімі Табиғат Құрманға қатысты жұмысшының денсаулығына жеңіл зиян келтіргені үшін әкімшілік құқықбұзушылық туралы істі қарады.
Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 73-1-бабына сәйкес, 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке қамауға алу түріндегі жаза көзделген.
Сот жазаны жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, Қ. алғаш рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғандықтан және ауырлататын мән-жайлардың жоқ болуына байланысты оған 15 АЕК (51 750 теңге) мөлшерінде айыппұл салды, - деп мәлімдеді Астрахан аудандық соты.
Сонымен бірге сот Ақмола облысы әкімінің атына жеке ұйғарым шығарды. Онда төменгі әкімдердің қызметіне бақылау жасамауға назар аударып, тиісті ден қою шараларын қабылдаған.
Сотта анықталғандай, Новый Колутон ауылында әкім Табиғат Құрман мен ЖШС-ның жұмысшысы арасында соңғысының халықты сумен қамтамасыз етпеуіне байланысты ауызша ұрыс-керіс болған.
Жанжал кезінде Острогорск ауылдық округінің бұрынғы әкімі Қ. жұмысшының желкесінен алақанымен ұрып құлатып, бетінен ұрған. Оның кінәсі жәбірленуші, куәгерлердің айғақтарымен расталды. Сарапшының қорытындысына сай, Ж.-ның сыдырма және көгеру түріндегі дене жарақаттары бар екені анықталды, - деп хабарлады аудандық сот.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.