×

Ақтөбе тұрғыны жұмыссыз азаматтың «жұмыс тауып берем» дегеніне алданып қалған

Алаяқ оның атынан 4 несие алған

 Динара Амантай 03.10.2023 | 16:27
Фото: Halyq Uni

Ақтөбеде жұмыссыз жүрген азамат жергілікті тұрғынды жұмысқа орналастырамын деп сендіріп, оның атынан 4 онлайн несие рәсімдеп алған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, мамырдың соңында Алға қаласының 19 жастағы тұрғыны өзіне жұмыс іздеген. Жұмыс іздеп жүрген жас жігітті Мұғалжар ауданының 23 жастағы тұрғыны аксессуарлар сататын онлайн дүкенге жұмысқа орналастыратынын айтып сендірген. Жұмысқа орналастыруға құжаттарын рәсімдейтінін айтқан мұғалжарлық жігіт оның жеке куәлігін алып, онлайн-дүкенмен жұмысты көрсетемін деген сылтаумен телефонын да қолданған. Содан оның атына 3 банк пен бір қаржы ұйымынан 4 онлайн несие рәсімдеген.

Несиенің жалпы сомасы 2 миллион тенгеге жуықтады. Бұл туралы жәбірленуші банктерден өзінің атына несиені уақтылы төлемегені туралы хабарландырулар келген кезде біліп, қазанда полицияға арызданған.

Алға ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында күдіктіні ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Жігіт өз кінәсін мойындап, ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсағанын айтты. Бұл ретте оның өзінің жұмыссыз екені анықталды.

Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігі («Алаяқтық») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама