Halyq Uni логотип
×

«Білім берудегі өзгерістің 1 мың көшбасшысы» кадрлық резерві құрылып жатыр

Іріктеу бес кезеңнен тұрады

 Динара Амантай 03.10.2023 | 15:39
«Білім берудегі өзгерістің 1 мың көшбасшысы» кадрлық резерві құрылып жатыр
Фото: Halyq Uni

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігі президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісінде білім беру саласындағы өзгерістердің көшбасшыларын іріктеу және даярлау тетігін әзірлеу және бекіту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл бұл жоба пилоттық режимде іске қосылған. Бастапқы кезеңде жобаға қатысуға 8 мың 68 адам тіркеліп, оның 2 мың 809-ы тестілеуден өтті. Тестілеу нәтижелері бойынша оқуға ұсынылған үміткерлердің сараланған тізімі қалыптасты. 3 шілдеден бастап 275 үміткерді оқыту басталды.

Білім берудегі өзгерістің көшбасшыларын іріктеу бес кезең бойынша іске асады:

  • бірінші кезеңде үміткерлер өз құзыреттілігін бағалау үшін тестілеуден өтеді;
  • екінші кезеңде оқуға жіберіледі; үшінші кезеңде еліміздің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өтеді;
  • төртінші кезеңде қорытынды бағалау рәсімі жүргізіледі;
  • бесінші кезеңде министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелесуден өтеді.

Нәтижесінде басшылардың республикалық кадрлық резерві құрылады.

Оқудан, тағылымдамадан және әңгімелесуден өткен үміткерлерге сертификат беріледі. Соның негізінде одан әрі жұмысқа орналасу үшін олар кадр резервіне енгізіледі. Резервтегілер бірінші басшының бос лауазымына конкурстық рәсімдерден өтпей тағайындалады. Атап өтейік, барлық кезеңдерден сәтті өтіп, сертификат алғандарға «басшы-көшбасшы» біліктілік санаты беріледі.

Бұл жобаны іске асыру «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан жаңа мектептерді даярланған басшылармен қамтамасыз ету мәселесін шешуге, ең бастысы, жаңа үлгідегі көшбасшылардың кадрлық резервін, білім берудегі өзгерістің көшбасшыларын қалыптастыруға ықпал етеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама