×

Текеліде лай көшкіні: бес жасар қыз өлі табылды

Лай көшкінен зардап шеккен отбасылар қауіпсіз жерлерге көшірілді

 Думан Қырықбаев 15.05.2022 | 19:02
фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Бүгін сағат 12:00 шамасында Текелі қаласында (Алматы облысы) лай көшкіні жүріп, Қонаев көшесі мен тау етегіндегі үйлердің ауласын су басып қалған. Лай көшкінен зардап шеккен үй иелерінің бірі 5 жасар қызын таба алмай жатыр.

Оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметінің арнайы техникасы мен қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Жергілікті әкімдік тарапынан штаб құрылды. Зардап шеккен отбасылар қауіпсіз жерлерге көшірілді.

Алдын ала мәлімет бойынша, балшық массасының (лай көшкіні) ұзындығы 50 метр, ені 25 метр, биіктігі 3,5 метр, көлемі 4375 текше метр.

Нәтижесінде, бір жеке тұрғын үй қирады, бір үй балшық массасының астында қалды, тұрғын үйлердің тағы төртеуінің ауласын балшық пен су басты және Қонаев көшесін басып тастады. Куәгерлердің айтуынша, үйлердің бірінде 5 жасар қыз болуы керек еді, ал қалған тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді.

Оқиға орнында Алматы облысы ТЖД бастығының басшылығымен төтенше жағдайды жою жөніндегі штаб ұйымдастырылды. Іздестіру-құтқару жұмыстарына және ТЖ салдарын жоюға ТЖД (81 қызметкер және 16 бірлік техника), ЖАО (30 қызметкер және 6 бірлік техника, оның ішінде 2 тиегіш, 4 Камаз), ТЖМ Қазселденқорғау (9 қызметкер, 4 бірлік техника) жұмылдырылды. АПБ (40 қызметкер, 7 бірлік техника) мен БСМК (үш жедел жәрдем кареті) қызметкерлері де бар.

Өкінішке қарай, бүгін сағат 18:15-те Текелі қаласында лайлы көшкін салдарынан 2016 жылы туған қыз үйінді астынан табылды.

Алматы облысы әкімінің кеңесшісі Ғалымұрат Жүкелдің айтуынша, әкімдік лай көшкінінен көз жұмған 5 жасар қызды жерлеу рәсіміне көмектеседі. Ал қара жамылған отбасына қаржылай көмек арнайы комиссияның шешімінен соң қарастырылмақ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама