Мониторинг қорытындысы бойынша барлық мемлекеттік органға бағаны түзету бойынша ұсынымдар жолданды
Павлодарда еріктілер мемлекеттік сатып алу саласында бірқатар бұзушылықты анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Павлодар облысы бойынша департаментінің мәліметінше, еріктілер мемлекеттік сатып алу порталының мониторингі барысында Екібастұз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімімен қызметтік автокөлікке берілістерді ауыстыру қорабын сатып алуға жалпы құны 963 928 теңгеге сатып алу жоспары бекітілгенін анықтаған. Алайда дүкендердегі тауардың құнын зерттеу барысында оның орташа бағасы 177 мыңнан 300 мың теңгеге дейін екені белгілі болды.
Сонымен қатар, Павлодар қаласының №2 бөбекжай-бақшасының мемлекеттік сатып алу порталында құны 600 мың теңге болатын көкөністерді кесуге арналған аппаратты сатып алуға конкурс жариялаған. Бірақ satu.kz сайтында мұндай тауардың бағасы 450 мың теңгеден аспайды.
Сондай-ақ еріктілер Шарбақты ауданының білім бөлімі портал арқылы 13 млн теңгеден астам сомаға оқушы орындықтарын сатып алуды жоспарлағанын анықтады. Мониторинг қорытындысы бойынша барлық көрсетілген мемлекеттік органдарға еріктілер бағаны түзету бойынша ұсынымдар жолдады.
Волонтерлердің араласуынан кейін мемлекеттік сатып алу жоспарлары өзгертіліп, облыс бюджеті үшін 5 млн теңгеден астам қаражат үнемделді. Осылайша қаражаттың тиімсіз пайдаланылуына жол берілмеді.