«Конституцияда орыс тілі туралы бап алынып тасталса деймін» - Жүрсін Ерман (ВИДЕО)
«Байқаңдар, Қазақстанға тиісетін болсаңдар маған тиісесіңдер», деген сөз

«Assyl dombyra 2022» айтысында ақын, қазіргі айтыс өнерін ұйымдастырушы Жүрсін Ерман Конституциядан орыс тілі туралы бап алынып тасталса деген ұсыныс айтты.
Ол айтыс басталар алдында Конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру, орыс тілін ұлтаралық қатынастар тілі деген баптан алып тастау, Президент Тоқаевтың жаңа Қазақстан құру жолындағы жұмысы мен Түркі Одағы туралы ойларын айтып, мәлімдеме жасады.
«Өздеріңіз хабардарсыздар, осы маусым айының басында бүкіл халықтық референдум жарияланды. Ата заңымыз – Конституцияға 61 өзгеріс енгізілейін деп жатыр. Мұның барлығы тағдырлы шешімді болмақшы. Енді көріп отырсыздар, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жаңа Қазақстан жасаймын деп үлкен өзгерістерді бастап кетті. Бәрі бір күнде болмағанымен ақырын-ақырын келе жатыр ғой. Соған қолдау көрсетсек дейміз», - деді ол.
Одан әрі ол қазір елімізде күн тәртібіне тіл мәселесінің қойылып тұрғанын, Қазақстанда ата заңда қазақ тілінің іс жүзінде мемлекеттік тіл болып жариялануынан үміттенетінін айтып, соған байланысты Конституциядағы орыс тілінің ұлатаралық қатынастар тілі деген баптан алынып тасталса деген ұсынысын жеткізді.
Айтысты ұйымдастырушы жер мәселесіне келгенде қазақтың жері мемлекеттің меншігі емес, бұл халықтың меншігі деген ұсыныстың түсіп жатқанын айтты.
«Соның бәрі қолдау тапса екен дейміз. Бәрімізді есеңгіретіп кеткен қаңтар оқиғасынан кейін көп оқиға болып, біраз жемқорлар тұтқындалып жатыр. Мәсімов бастағандар түрмеге қамалды. Бұл - Қазақстанда болып көрмеген үлкен оқиғалар. Осы істер жалғасын тапса екен.
Кеше Президентіміз Түркияға барып келді. Түркияның Президенті Режеп тайып Ердоған: «Біз Қазақстанның тәуелсіздігіне қорған боламыз, деді». Бұл басқаларға көрсетілген сес қой. «Байқаңдар, Қазақстанға тиісетін болсаңдар маған тиісесіңдер», деген сөз. Тұран Одағын құрамыз дегенге көп уақыт болды. Бұл соның нақты әрекеті болуы керек», - деді ол.