Сабаққа бармай, күні бойы құрбысымен бірге болып, үйіне барам деп кеткеннен оны ешкім көрмеген
Қарағанды облысында сабақтан кейін үйге оралмай, із-түзсіз жоғалған 10 жасар қыздың анасы жауапкершілікке тартылды. Ал қыз сабаққа бармай, құрбысында болған. Бұл туралы ekaraganda.kz хабарлады.
Айта кетсек, Қарқаралы ауданының полиция бөліміне тұрғын қызының жоғалғанын айтып, 29 қыркүйекте сағат 23:40 шамасында хабарласқан. Оның айтуынша, қыз түстен кейін сабаққа кетіп, үйіне сағат 19:00-де қайтуы керек болған.
Дабыл қаққан әйел қызын өзі іздей бастағанмен, іздестіру нәтиже бермеген. Әйел полицияға қызы жоғалып кеткеннен кейін 5 сағатқа кешігіп хабарласқан, - деп хабарлады Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметі.
Бүкіл полиция бөлімі іздестіру шарасын жүргізді. Олар жоғалған қыздың сабаққа бармай, күні бойы құрбысымен бірге болғанын анықтады. Ал сағат 19:00-де үйіне барам деп кетіп, содан кейін оны ешкім көрмеген.
Жедел іздестіру топтары әр үйді аралап, жертөлелерді, шатырларды, кәріз құдықтарын тексерді. Бір жарым сағаттан кейін қыз аман-есен табылды. Ол үйге жаяу келе жатқанын, бірақ жолда қатты жаңбыр жауа бастағанын айтты. Жауынның басылуын домбыра ескерткішіндегі қуыста күткен. Сол жерге жайғасып, ұйықтап қалған, - деп мәлімдеді полиция.
Дәрігерлер тексеріп, психологпен сөйлескеннен кейін бала анасына қайтарылды. Мектеп оқушысының анасына қатысты ӘҚБтК-нің 127-бабы («Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және (немесе) оқыту, құқығы мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.