Исламда әйелдерге, балаларға құрметпен қарау және қамқор болуға қатысты көптеген хадис пен аяттар бар
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Алматы облысында имамның намаз кезінде кішкентай баланы қолымен қағып жібергеніне қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Halyq uni.
Оның мәліметінше, аталған жағдай 24 сәуірде болған.
Видео тек қазір ғана пайда болып, бұл адамға қатысты қылмыстық іс тіркеліп отыр. Осы жағдайға қатысты Бас мүфти Наурызбай қажымен сөйлестім, қатыгездік танытқан адам бүгін жұмыстан босатылды. Оның имам екеніне келер болсақ, негізі Исламда әйелдерге, балаларға құрметпен қарау және қамқор болуға қатысты көптеген хадис пен аяттар бар. Мысалы, Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) немересі намаз кезінде оның басына отырған кезде, сәждеден басын көтермеген, - деп жазды балалар омбудсмені.
Сонымен қатар Динара Зәкиева қазақстандықтардан балаларға қатысты қылмыс туралы дереу хабарлап отыруды сұрады.
«Маған ІІМ-нен республика бойынша түрлі зорлық-зомбылық фактілеріне қатысты деректер жинақтамасы күнделікті келіп тұрады. Бірақ тіркелген фактілерге қатысты ақпарат қана. Ал жазасыз қалып жатқан фактілер қаншама, олар кейін көп жағдайда қайғылы салдарларға әкеледі. Сол себепті біздің әрқайсымыз балалар қорғаушысы болуымыз керек.
Егер сіз бала қауіпте екенін немесе оның зорлық-зомбылыққа ұшырағанын білсеңіз, уәкілетті органдарға және келесі айдың ортасында жұмыс істей бастайтын AMANAT 111 бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығы/сенім телефонына хабарласыңыз.
Қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәдениетін біз осылай ғана қалыптастыра аламыз», - деп толықтырды ол сөзін.