Ақмола облысында мердігер жолдарды салу кезінде өрескел бұзушылықтарға жол берген
Прокуратура 3 млрд теңге көлемінде негізсіз шығындарға жол бермеді
Қадағалау органы Целиноград ауданы Қаражар және Жаңажол ауылдарында кентішілік жолдарды салу кезінде өрескел бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мердігер ұйым 3 жыл бойы асфальт төсеу технологиясын сақтамау, техникалық сүйемелдеусіз жұмыс жүргізу, құрылыс кезінде жарамсыз топырақты пайдалану арқылы көрсетілген шарттар бойынша міндеттемелерді тиісінше орындамаған. Сонымен қатар, жұмыстар жобадан анық ауытқумен іске асырылды.
Аталған бұзушылықтар уәкілетті мемлекеттік органның тексеруімен расталды.
Аудан прокуратурасы қабылдаған шаралар бойынша мердігермен жасалған екі шарт бұзылып, мердігерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану және тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы талап арызы сотқа жолданды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Қазір жөндеу жұмыстары тоқтатылып, аудан әкімдігі жаңа конкурс жариялау бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.
Осылайша, осы объектілерді 3 млрд теңгеден астам сомаға негізсіз қаржыландыруға жол берілмеді. Құрылыстың іске асырылу барысына тиісті бақылаудың жоқтығы үшін жауапты кінәлі тұлғалар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.