Атырауда жануарларды қорғаушылар иттердің көзін жоюға қарсы шықты
Бүгін елімізде кезекті митинг өтті
Бүгін Атыраудағы Ретропаркте жануарларды қорғаушылардың рұқсат етілген митингі өтті. Олар иттердің көзін жоюға қарсы шықты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Доброе сердце» қоғамдық қорының жетекшісі Венера Манасова мен ерікті Мамучар Джабасов жиылған жұртшылыққа иесіз иттерді аулау, стерилизациялау, вакцинациялау, еркіндікке жіберуді жануарларды қорғаумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар және еріктілер қозғалысына тапсыруды әкімдіктен сұрағандарын айтты.
«Қоғамға қауіпті емес иттерді эвтаназиямен ұйықтатып тастай ма деп қорқамыз. Себебі бізде иттердің зоопсихологиясын анықтайтын кинолог мамандар жоқ деуге болады. Атырауда өзім әрі тағы бір адам бар. Басқасы - ҰҚК, ІІМ-дерде қызметтік иттердің психологиясын анықтай алады. Жақында қалада иттерді аулауға 8 млн бөлініп, тендерді Inmarket ЖШС ұтып алды. Олар әр итке 19 500 теңге есептеп отыр. Ал ветклиникада стерилизацияның өзі 20 000 теңге тұрады. Біз де, «Доброе сердце» қоғамдық қоры тендерге қатысып, жеңіліп қалдық. Біз барлық шығынды - иттерді аулаумен айналысатын және иттерді күтетін мамандардың, жанар-жағармай материалдары әрі стерилизация ақысын, питомник шығынын ескеріп, әр итке 38 000 теңге есептеп шығардық. Сосын ол соманы 21 000 теңге етіп төмен түсірдік. Бірақ бәрібір тендерде ұтылдық. Біз жаңа жеңімпазға сенбейміз. Олар ауланған иттердің 90 пайызын ұйықтатып тастайды деп ойлаймыз. Себебі олардың мамандары мен тиісті ресурстары жоқ. Олар иттерді аулаумен және көзін жоюмен жұмыстанса, біз аулап, стерилизация жасап, вакцинациялап, карантин, чип, бирка, паразиттерді улап, күтіп ұстауды ұсындық. Тіпті, біз әр ит үшін жауапкершілік алуға дайын болғанбыз», - дейді Джабасов.
Мамучар өзі де кинолог. Ол иттерді өсірумен, жаттықтырумен айналысады. Бір қызығы, есімі де «волкодав» деген мағынаны білдіреді.
Митинг барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, жауаптарын алды. Мысалы, біреу көшеде жаралы күшікті көрсе қалай әрекет ету керегін сұрады. Митингішілер қолдарына «иттерді өлтіруге қарсымыз», «иттерді стерилизациялау керек, өлтіруге болмайды, эвтаназияға қарсымыз», «Жауыздықсыз Қазақстан» әрі тағы басқа плакаттарды ұстап тұрды.
Соңында иттерді өлтіруге қарсы петицияға қол жиналды. Әзірге оған 117 адам қол қойды.