Бүгінде 7 219 борышкерге шетелге шығуға тыйым салынған
Әділет министрі Азамат Есқараев алиментті өндіріп алу мәселесі өте күрделі екенін жеткізді.
«Рас, алимент төлемеу мәселесі бар. Ол көптеген қиындыққа әкеп соғады. Алимент төлемеу салдарынан бала-шаға тиісті деңгейде қамтамасыз етілмейді, олардың жағдайы нашар, уақытында тамағы болмайды әрі киімі бүтін емес. Осылайша, әлеуметтік мәселе туындайды», - деді Азамат Есқараев.
Министр 6 мың адам алимент төлемей жүргенін айтты.
Қазір өндірісте 303 мың іс қаралуда. Оның ішінде 13 316 іс бойынша мәселе шешілмей, қиындық туып жатыр. 6072 адам нақты алимент төлемей жүр. Бүгінде 7 219 борышкерге шетелге шығуға тыйым салынған. Қазір жалпы алимент бойынша қарыз – 7 млрд теңге, - деді басшы.
Журналист министрге: «Алиментті көбінесе кімдер төлемейді? Ерлер ме, әлде әйелдер ме?» – деп сұрағын нақтылады.
«Біз мәселені гендерге бөлмейміз. Біз мәселеге «борышкерсің бе, қарызың бар ма?» деп қараймыз. Оның тегіне, ұлтына, нәсіліне, жынысына қарамаймыз. Әрине, (алимент төлемей жүргендердің арасында – автор) әйелдер де бар шығар», - деді Азамат Есқараев.
Halyq Uni тілшісі Әділет министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласып, бүгінде қанша әйелдің аналық парызын өтемей жүргенін нақтылап сұрады.
2022 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда 6 мың әйел алимент төлемей жүр. Биылғы деректер нақтыланып жатыр, - деді министрлік өкілі.