Франция ғылым академиясында Қазақтың көне тарихы таныстырылды
Заманауи зерттеулер институтының директоры, тарихшы Мұхит-Ардагер Сыдықназаров Француз ғылым академиясының шақыруы бойынша Францияның Моральдық (қоғамдық) және саяси ғылымдар академиясының Ғылыми кеңесінде XV-XVIII ғасырлардағы Қазақ мемлекетінің еуропалық, оның ішінде француз картографиясы бойынша жүргізген зерттеулері туралы баяндама жасады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін тарихшы Мұхит-Ардагер Сыдықназаров Қазақ мемлекетінің 1530 жылғы картасын тапқан еді. Әзірге бұл Қазақтың ең көне картасы.
Француз королі IV Карлдың күміс глобуста бейнеленген 1530 жылғы әлем картасында қазақ мемлекетінің аумағы анық көрсетілген. Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың айтуынша, 1540 жылғы швейцариялық картадағы секілді бұл картада да Қазақтар, Қазақия өзінің шынайы этнонимі және политонимі – Kosaki деген атпен көрсетілген.
Картада Қазақияның қасында Ноғай (Nogai), Қыпшақ (Comani), Қазан (Kazan), Бұлғария (Bvlgaria), Қалмақ (Kalmvki) және басқа да көршілес түркі және басқа да мемлекеттер мен халықтардың топонимі белгіленген. Картадан сонымен қатар Шағатай Ұлысы (Zagathay), Соғды (Sogdia), Хорасанның (Corazine) жерін де байқауға болады.
Қазақия Каспий теңізінің солтүстік-батысында орналасқан. Каспий теңізі онда Mare Hyrcan (Гиркан теңізі – Каспийдің көптеген көне тарихи гидрономының бірі) деп көрсетілген. Қазақиядан солтүстік пен солтүстік батыста Сарматия (Sarmatia), Вятка елі болған.
Еуропалық картографияның ішінде француз картография мектебі (Диппе, Нормандия, Париж) ерекше орын алады. Француз корольдік және ресми картографтары, географтары, дипломаттары, саяхатшылары, саудагерлері, миссионерлері, географтары және әскери қызметшілерінің тұтас бір тамаша галактикасы Қазақ мемлекетінің 300-ден астам картасын, картографиялық атластар мен қолжазбаларын, глобустарды қалдырды.
Мұхтар Ардагер Сыдықназаровтың айтуынша, француз акадеиктері баяндамадан кейін «француз-қазақ, еуропа-қазақ қатынастары 1991 жылы емес, бес ғасыр бұрын басталған деп жазуымыз керек. Француз бен қазақ тарихы қатар дамуы керек. Сіздің зерттеулеріңіз бізге үлкен қызығушылық тудырды және біз оны құптаймыз» дескен.