Halyq Uni логотип
×

Қызылорда облысының тұрғыны полицейлерді пышақпен қорқытып, киімдерін жыртқан

Күдікті полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды

 Динара Амантай 28.09.2023 | 14:48
Қызылорда облысының тұрғыны полицейлерді пышақпен қорқытып, киімдерін жыртқан
Фото: Halyq Uni

Қызылорда облысында полицейлерді пышақпен қорқытып, нысанды киімін жыртып, қарсылық көрсеткен ауыл тұрғыны қамауға алынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 26 қыркүйекте Жалағаш аудандық полиция бөлімі патрульдік полиция тобының қызмет инспекторы қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында аймақ аралау барысында жол қозғалысы ережесін бұзған көлікті тоқтатқан. Олар заң шеңберінде УАЗ көлігінің жүргізушісінен құжаттарын ұсынуын сұраған уақытта жүргізуші балағат сөздер айтып, заңды талапқа бағынбаған.

Пышақпен қорқытып, нысанды киімін жыртқан. Қарсылық көрсеткен азамат Жалағаш ауданының 32 жастағы тұрғыны болып шықты. Автокөлік айып алаңына қойылды. Осы жайт бойынша ҚР ҚК-нің 380-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр, – деді Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимов.

Тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдікті полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Егерде күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ол 2 мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Сондай-ақ Махсудхан Аблазимов барлық азаматты тәртіп пен заңдылықты сақтауға және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынуға шақыра отырып, қызметтік міндеттерін атқарып жүрген билік өкіліне қарсылық көрсеткендер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама