Қарағанды жарықсыз қалды: әкімдік қазіргі жағдайды баяндады
Қарағанды қаласындағы бірнеше ауданда қазір жарық жоқ
Қарағандыдағы үшінші жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындарының жартысы жарықсыз қалды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
ЖЭО-дағы апат салдарынан Қарағанды қаласындағы бірнеше ауданда қазір электр энергиясы жоқ. Суық су беруде де қиындықтар туындаған, көшедегі бағдаршамдар істен шыққан.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңір халқына үндеу жолдап, апаттың себебі анықталып жатқанын жеткізді.
Бүгін таңертең Қарағандының үшінді жылу электр орталығында және «ГРЭС Топар» ЖШС-да апат болған. Қазір апат себебін анықтап жатырмыз. Қазір бірінші орынбасарым сол стансаларға барып, апаттың себебін анықтап, тез арада қосу үшін жұмыс істеп жатыр, - деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі үшінші жылу электр орталығында технологиялық ақау болып, нәтижесінде 220 кВ ашық тарату құрылғысы істен шыққанын мәлімдеді. Қазір апаттың себебі мен жарықсыз қалған абоненттердің саны анықталып жатыр.