Қандас мәртебесін енді онлайн тапсырыс арқылы алуға болады

Динара Амантай

Бұл қызметті алу үшін ЖСН және ЭЦҚ болуы қажет

Фото: Halyq Uni

Қазақстан Республикасының аумағына бұрын тұрған және қайта келген этникалық қазақтар eGov.kz порталында қандас мәртебесін алуға немесе оны ұзартуға өтінім бере алады.

Қызмет жеке тұлғаларға тегін көрсетіледі. Пайдаланушыларға қойылатын міндетті талаптар – ЖСН және ЭЦҚ болуы.

Бұл жаңартулар Президенттің бюрократиядан арылту жөніндегі Жарлығы аясында жүзеге асырылды. Жарлықтың негізгі мәні - цифрлық трансформация және мемлекеттік басқарудың барлық салаларының жүйелі реинжинирингі болып табылады.

Біз мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұрын аталған қызмет ХҚКО мен жергілікті атқарушы органдар арқылы оффлайн түрінде көрсетілгенін атап өткім келеді. Енді ХҚКО бармай ақ, қызметті eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы онлайн алуға болады. Бұл қызметтің азаматтар үшін маңыздылығын түсіне отырып, біз қызметті алу процесін жеңілдеттік, – деп атап өтті «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма Төрағасы Ростислав Коняшкин.

Қызметті қолдану үшін пайдаланушы «Электрондық үкімет» (eGov.kz) порталында қажетті қызмет түрін таңдайды: қандас мәртебесін беру немесе ұзарту. Таңдалған қызмет түріне сәйкес пайдаланушы мәртебесін алу үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ақпараттық жүйесі арқылы тексеру жүзеге асырылатын болады.

Сондай-ақ, өтінім берген кезде пайдаланушы қандас мәртебесін беру немесе ұзарту қажет отбасы мүшелері бойынша мәліметтерді толтыра алады. Отбасы мүшелерінің санына шектеу жоқ. Бұдан әрі қол қоюдың қолжетімді әдістерінің бірімен өтінімге қол қою қажет.

Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі - 4 жұмыс күні ішінде.

Сондай-ақ, қызмет көрсету қорытындысы бойынша қандас куәлігі egov.kz порталының «Цифрлық құжаттар» бөлімінде және Egov Mobile қосымшасында пайда болады.

Айта кетсек, бұған дейін қызмет тек Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың ХҚКО-ның және жергілікті атқарушы органдарында көрсетілетін.