Аумақтық департамент араласқаннан кейін кәсіпкер алдындағы берешек өтелді
Абай облысында кәсіпкер орындаған жұмысының ақысын ала алмаған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Абай облысы бойынша департаментінің мәліметінше, оларға кәсіпкерден мемлекеттік сатып алу шарты аясында атқарылған жұмыс үшін ақы төленбегені туралы өтініш түскен.
Мән-жайды анықтау барысында кәсіпкердің Бесқарағай ауданындағы ауылдық округтердің бірінде асфальт төсеу жұмыстарын орындағаны, ал тапсырыс берушінің объектіні қабылдағаны белгілі болды. Осыған қарамастан, әкімдік кепілдік мерзімі шеңберінде жойылатын кемшіліктерді сылтауратып, кәсіпкердің ақысын төлемеген, – делінген Антикор хабарламасында.
Осылайша, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның нормалары бұзылған. Аталған заңда тапсырыс берушінің шарттық міндеттемелер орындалғаннан кейін 30 күнтізбелік күннен аспайтын мерзім ішінде орындалған жұмыстар үшін төлем жасауға міндетті екені көрсетілген.
Аумақтық департамент араласқаннан кейін кәсіпкер алдындағы берешек өтелді.
Объект қабылданған соң анықталған кемшіліктер түзетілген, әкімдік тарапынан кәсіпкерге шағым жоқ.