Мәжіліс депутаты Гауһар Танашева Қазақстанда көпбалалы аналарға жаңа «Қола алқа» немесе «Ана даңқы» медалін тағайындап, жылына 4%-бен көлік алуға мүмкіндік беретін бағдарлама ашуды ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгін Қазақстанда 550 мыңнан аса көпбалалы отбасы тіркелген.
Оның ішінде 493 мың отбасы 4-5 бала тәрбиелеп отыр. Бірақ бұл отбасылар үлкен балалары 18 жасқа толғаннан кейін жәрдемақыдан да, мемлекет тарапынан берілетін көмектен де айырылады. Ал көпбалалы ана мәртебесі тіпті қарастырылмаған. Негізгі өзгерістердің бірі – орденді тағайындау критерийлерін қайта қарау. Сондай-ақ инвестицияны осы бағытқа бағыттай отырып, көпбалалы аналарды қаржылық және инфрақұрылымдық қолдау, - деді Гауһар Танашева Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында.
Ол төмендегі шараларды қарастыруды ұсынды. «Қазақстанның мемлекеттiк наградалары туралы» 1995 жылғы 12 желтоқсандағы №2676 заңына:
- Көпбалалы аналарға арналған наградалар бөлімі 4 және 5 баланы туған немесе асырап алған аналарға «Алтын алқа» мен «Күміс алқаның» жалғасы ретінде «Қола алқа» наградасымен толықтырылсын немесе «Ана Даңқы» наградасы (ІІІ дәрежелі «Ана Даңқы» 4 және 5 бала, ІІ дәрежелі «Ана Даңқы» 6 бала, I дәрежелі «Ана Даңқы» 7 және одан да көп бала туған немесе асырап алған аналарға) енгізілсін.
- «Алтын алқа», «Күмiс алқа» алқасымен 6, 7 бала туған және тәрбиелеп өсiрген аналар алтыншы, жетінші «баласы бiр жасқа жеткен және басқа балалары тiрi болған ретте наградталады» деген шарты алып тасталсын немесе осы шартта баланың жасы 6 айға толғанға дейін деп қысқартылсын. Себебі құжаттарды рәсімдеу 1,5 жылға дейін созылады.
- «Ана Даңқы» немесе «Қола алқа» мәртебесі бар көпбалалы аналарға Алтын және Күміс алқа алып жатқан бірқатар үй, көлік, мүлік салығы мен мемлекеттік баждарды төлеуден босату бөлігінде жеңілдіктер берілсін.
- Қолданыстағы Әлеуметтік кодексіне «Ана даңқы» немесе «Қола алқа» ордендерімен марапатталған аналарға төмендегі мөлшердегі жәрдемақы қарастырылсын:
- ІІІ дәрежелі «Ана даңқы» немесе «Қола алқа» иегерлеріне – 5,40 айлық есептік көрсеткіш (18 630 теңге).
- ІІ дәрежелі және I дәрежелі «Ана Даңқы» иегерлеріне «Алтын алқа» (25 030 тг), «Күміс алқа» (22 080 тг) алып жатқан жәрдемақы мөлшерінде қарастырылсын.
- I, II және III дәрежелі «Ана Даңқы» немесе «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Қола алқа» ордендерімен марапатталған аналарға қосымша келесі жеңілдіктер қарастырылсын:
- Жылына 4%-дық мөлшерлемемен «Отбасылық автокөлік» жеңілдетілген автонесие бағдарламасы ашылсын;
- Қазақстанның барлық қаласы бойынша қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі;
- Темір жол және әуе тасымалына 50% жеңілдік қамтамасыз етілсін;
- Айына бір күн бүкіл отбасымен мұражайларға, мәдени және демалыс саябақтарына, хайуанаттар бағына, көрмелерге тегін бару қамтамасыз етілсін.