×

Депутат көпбалалы аналарға жаңа медаль тағайындап, көлік алуға көмектесуді сұрады

Оларға қоғамдық көлікте де тегін жүру мүмкіндігін беру ұсынылды

 Дәурен Ерболат 27.09.2023 | 15:51
Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Гауһар Танашева Қазақстанда көпбалалы аналарға жаңа «Қола алқа» немесе «Ана даңқы» медалін тағайындап, жылына 4%-бен көлік алуға мүмкіндік беретін бағдарлама ашуды ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгін Қазақстанда 550 мыңнан аса көпбалалы отбасы тіркелген.

Оның ішінде 493 мың отбасы 4-5 бала тәрбиелеп отыр. Бірақ бұл отбасылар үлкен балалары 18 жасқа толғаннан кейін жәрдемақыдан да, мемлекет тарапынан берілетін көмектен де айырылады. Ал көпбалалы ана мәртебесі тіпті қарастырылмаған. Негізгі өзгерістердің бірі – орденді тағайындау критерийлерін қайта қарау. Сондай-ақ инвестицияны осы бағытқа бағыттай отырып, көпбалалы аналарды қаржылық және инфрақұрылымдық қолдау, - деді Гауһар Танашева Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында.

Ол төмендегі шараларды қарастыруды ұсынды. «Қазақстанның мемлекеттiк наградалары туралы» 1995 жылғы 12 желтоқсандағы №2676 заңына:

  1. Көпбалалы аналарға арналған наградалар бөлімі 4 және 5 баланы туған немесе асырап алған аналарға «Алтын алқа» мен «Күміс алқаның» жалғасы ретінде «Қола алқа» наградасымен толықтырылсын немесе «Ана Даңқы» наградасы (ІІІ дәрежелі «Ана Даңқы» 4 және 5 бала, ІІ дәрежелі «Ана Даңқы» 6 бала, I дәрежелі «Ана Даңқы» 7 және одан да көп бала туған немесе асырап алған аналарға) енгізілсін.
  2. «Алтын алқа», «Күмiс алқа» алқасымен 6, 7 бала туған және тәрбиелеп өсiрген аналар алтыншы, жетінші «баласы бiр жасқа жеткен және басқа балалары тiрi болған ретте наградталады»  деген шарты алып тасталсын немесе осы шартта баланың жасы 6 айға толғанға дейін деп қысқартылсын. Себебі құжаттарды рәсімдеу 1,5 жылға дейін созылады.
  3. «Ана Даңқы» немесе «Қола алқа» мәртебесі бар көпбалалы аналарға Алтын және Күміс алқа алып жатқан бірқатар үй, көлік, мүлік салығы мен мемлекеттік баждарды төлеуден босату бөлігінде жеңілдіктер берілсін.
  4. Қолданыстағы Әлеуметтік кодексіне «Ана даңқы» немесе «Қола алқа» ордендерімен марапатталған аналарға төмендегі мөлшердегі жәрдемақы қарастырылсын:
  • ІІІ дәрежелі «Ана даңқы» немесе «Қола алқа» иегерлеріне – 5,40 айлық есептік көрсеткіш (18 630 теңге).
  • ІІ дәрежелі және I дәрежелі «Ана Даңқы» иегерлеріне «Алтын алқа» (25 030 тг), «Күміс алқа» (22 080 тг) алып жатқан жәрдемақы мөлшерінде қарастырылсын.
  1. I, II және III дәрежелі «Ана Даңқы» немесе «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Қола алқа» ордендерімен марапатталған аналарға қосымша келесі жеңілдіктер қарастырылсын:
  • Жылына 4%-дық мөлшерлемемен «Отбасылық автокөлік» жеңілдетілген автонесие бағдарламасы ашылсын;
  • Қазақстанның барлық қаласы бойынша қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі;
  • Темір жол және әуе тасымалына 50% жеңілдік қамтамасыз етілсін;
  • Айына бір күн бүкіл отбасымен мұражайларға, мәдени және демалыс саябақтарына, хайуанаттар бағына, көрмелерге тегін бару қамтамасыз етілсін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама