Halyq Uni логотип
×

Самат Әбіштің ісі қалай тергеліп жатыр – Бас прокуратура жауабы

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасарының үстінен тек бір бап бойынша қылмыстық іс қозғалған

 Дәурен Ерболат 27.09.2023 | 12:53
Самат Әбіштің ісі қалай тергеліп жатыр – Бас прокуратура жауабы
фото: akorda.kz

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев ҰКҚ төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіштің үстінен қандай бап бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Ұлтық қауіпсіздік комитетінің төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіштің ісі тергеліп жатыр. Қылмыстық-процестің кодекске сәйкес басқа ақпаратты айла алмаймын. Самат Әбіштен ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған. Оның Астанада немесе Алматыда екенін нақты білмеймін», - деді Әсет Шындалиев Мәжілістің жалпы отырысынан соң.

Бас прокурордың орынбасарының айтуынша, Самат Әбіш қаңтар оқиғасына бойынша тергеліп жатыр.

Самат Әбіштің құқықтық мәртебесін білмеймін. Алайда оның үстінен қаңтар оқиғасы кезінде қызметтік құзыретіне асыра пайдаланды деген факт бойынша қылмыстық іс қозғалды: тек бір бап бойынша , - деді ол.

Сондай-ақ Әсет Шындалиев «ҰКҚ-ның экс-басшысы қашып кетуі мүмкін бе?» деген сұраққа жауап берді.

Мұны тергеу органдары тергеу әрекетіне және сипаттамаға сүйеніп анықтайды. Тергеу органдары оның қашып кетпейтініне сенімді болуы мүмкін. Ол (Самат Әбіш) заң алдындағы өз міндеттемелерін бұзбайтын шығар, - деді Бас прокурордың орынбасары.

Айта кетейік, 2023 жылғы 19 қыркүйекте Бас прокуратураның Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатқаны белгілі болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қаңтар оқиғасы кезінде билік пен лауазымдық өкілетін асыра пайдалану әрекеті бойынша тергеліп жатыр.

Бас прокуратура баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Самат Әбішке ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылды.

Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған Кәрім Мәсімов және оның үш орынбасары сотталды.

Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Кәрім Мәсімов қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Одан бөлек, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Ал оның орынбасары болған Әнуар Садықұлов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 16 жылға сотталды. Сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Өсіпов қылмыстық кодекстің 362-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Олар генерал атағынан және мемлекеттік наградаларынан айырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама