Қазақстан азаматтарының жеке құжаттарының көшірмесін жасауға тыйым салынуы мүмкін
Мәжіліс «Ақпараттық қауіпсіздік туралы» заң жобасын мақұлдады
Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Заң жобасын депутат Екатерина Смышляева таныстырды.
«Құжат ақпаратты, оның ішінде дербес деректерді қорғаудың құқықтық базасын қалыптастыруға арналған жұмыстың жалғасы болып саналады. Заң жобасы 3 блоктан тұрады.
Бірінші блок жеке деректерді қорғаудың қосымша шараларына арналған. Заң жобасында дербес деректердің айналымы және сақталуы саласында мемлекеттік бақылау енгізіледі. Заң жобасының нормасы операторлармен профилактикалық жұмысты да жолға қоюға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ заң жобасына сәйкес әрбір оператор реттеушіге дербес деректердің тарап кеткені туралы хабарлауға тиіс. Мәлімет ақпарат тарап кеткені анықталған сәттен бастап 3 күн ішінде берілуі керек», - деді ол.
Депутаттың айтуынша, заң жобасының екінші блогы «ақ хакерлер» институтын және бак-баунти платформасының қазақстандық аналогы жұмысын құқықтық реттеуді ұсынады.
Бұл шара ақпараттық жүйе зерттеушілерін ақпараттық жүйе қателіктері мен осалдығын анықтауға тартуға ықпал етеді. Басқарылатын хакерлік бұзу тапсырыс иелерінен келеді, қатынастар арнайы платформалар арқылы ресми түрде жасалады. Барлық жұмыс заң шеңберінде жүргізіледі. Әлемде мұндай платформалар ақпараттық қауіпсіздік бойынша үздік мамандарды тартады. Заң жобасының үшінші блогы мемлекеттік органдардың ақпараттандыру объектілеріне ғана қызмет көрсететін мемлекеттік ақпараттық қауіпсіздік орталығын құруға арналған, - деді депутат.
Бүгінде елімізде 350-ге жуық мемлекеттік ақпараттандыру нысаны жұмыс істейді.
«Орталық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Мемлекеттік техникалық қызметі жанында жұмыс істейді. Бұдан басқа, мемлекеттік техникалық қызмет базасында бағдарламалық қамтамасыз етудің бастапқы кодтары репозиторийі құрылады. Онда электрондық үкіметтің бағдарламалық өнімдерінің бастапқы кодтары сақталады. Бұл олардың нұсқаларын басқаруды қамтамасыз етеді. Осылайша, ұсынылып отырған шаралар кешені мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің қауіпсіздігін күшейтеді. Жалпы электронды үкіметтің тұрақтылығын арттырады», - деді Екатерина Смышляева.
Сондай-ақ депутат Нұртай Сәбильянов заң жобасы жеке деректерді қорғауды көздейтінін атап өтті.
«Құжат дербес деректердің қауіпсіздігінің бұзылмауын қамтамасыз етуге, уәкілітті органға мемлекеттік бақылау функциясын беруге (уәкілетті реттеуші орган – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитеті) және осы туралы жаңа ұғым енгізуге бағытталған. Сондай-ақ заңдарда тікелей қарастырылған жағдайларды қоспағанда (Олар: еңбекші көшіп келіші, иммигранты, нерезидент емес), жеке басын куәландыратын құжаттардың қағаз көшірмелерін жинауға және өңдеуге тыйым салу нормалары қарастырылған. Бұл да азаматтардың дербес деректерін басқа мақсаттарда қолдануына жол бермеуін қамтиды, - деді ол.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов аталған заң жобасы өте маңызды екенін айтты.
Құжаттың маңызды екенін қызу талқылаудан көрінді. Қоғамда да үлкен қызығушылық бар. Сондықтан бүгін айтылған пікірлерді комитеттер назарға алуы керек. Министрліктер де оны пысықтауы керек, - деді ол.
Заң жобасын депуттар бірінші оқылымда мақұлдады.