Министрлік қазақстандықтардың жеке деректері неге желіде жарияланып кеткенін түсіндірді
Тауар мен тамаққа тапсырыс берген қазақстандықтардың жеке деректері алынуы мүмкін
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков Қазақстан азаматтарының жеке деректері неге әлеуметтік желіде жарияланып кеткенін түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік мәселелері ойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.
Депутат Никита Шаталов азаматтардың жеке мәліметтері неге Telegram-ботта жарияланып кеткенін сұрады.
«Жақында интернетте қазақстандықтардың дербес деректеріне рұқсатсыз қол жеткізу туралы ақпарат жарияланды. Бұл жолы тұрғындардың тұрғылықты жері, ЖСН (ИИН), аты-жөні туралы деректер шетелдік Telegram-ботта қолжетімді болды. Оны алу үшін телефон нөмірін жазса жеткілікті. Көптеген әлеуметтік желі қолданушысы бұл мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған деп болжады. Осыған байланысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сұрағым бар. Олар жағдайды түзеу үшін не істеді?», - деп сұрады депутат.
Вице-министр Мәлік Олжабеков болған жағдайға түсінік берді.
«Кейбір Telegram-ботқа жеке мәліметтердің тарағаны рас. Олар әртүрлі дереккөздерден, оның ішінде әлеуметтік желілерден ақпарат жинайды. Сондықтан біз дереккөздердің бірі Қазақстанда тыйым салынған сервис арқылы алынды деп отырмыз. Ондағы мекенжайлар бұрын тараған, ескіріп кеткен ақпарат.
Сондай-ақ әртүрлі тауар мен тамаққа тапсырыс бергенде (қазақстандықтардың) жеке деректері алынуы мүмкін. Біз сервисті бұғаттауға өтінім бердік. Тараған ақпаратты сарапшылармен бірге зерттеп жатырмыз. Олардың ақпаратты алған дереккөзі мен оларды таратқан адамдарға қатысты шешім қабылдау үшін жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді министрдің орынбасары.