Жанжал шығарғаны үшін күйеуімен қоса әйелі де жауапқа тартылуы керек – Жарқынбек Амантай

Дәурен Ерболат

Отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды

Фото: obozrenie.kz

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай жанжал шығарғаны үшін күйеуімен қоса әйелін де жауапқа тартуды ұсынды, деп хабарлады Halyq Unі тілшісі.

Оның пікірінше, отбасында жанжал туындаса, қоғам көбінесе ер адамдарды кінәлайды.

«Гендерлік саясат қайда? Бұл дұрыс емес. Мұны түсіндіру керек. Себебі, еліміз – өте үлкен. Бізде оңтүстік пен солтүстіктің, шығыс пен батыстың менталитеті бір-біріне ұқсамайды. Аталған өңірлердің жастары бір-бірімен отбасын құрады. Әртүрлі тілде сөйлеп, әртүрлі ұстанымда болады. Олар отбасы болғасын ұрыс-керіс те болады, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Ыдыс-аяқ сынған сайын күйеуін қамап тастайтын болсақ, көпшілігі қайтадан отбасы бола алмай, қосылмай кетеді», - деді депутат Мәжілістің комитетінде.

Жарқынбек Амантай «қамап тастаған әйелдің қасына барғанша, өлгенім артық» деп ойлайтын ер адамдар барын ашық айтты.

Заңда арандатушы, провакация деген ұғым бар. Осы тұрғыда әйелде де жауапкершілік болуы керек. Ер адамды 15 күнге оқшаулап жабу керек пе, онда оны кінәлі деп тапса, сонымен бірге әйелін де жеке жабу керек деп ойлаймын. Өйткені, отбасына түскен жауапкершілікті теңдей бөлсе, біз көп мәселені тізгіндей аламыз, - деді ол.