БҚО-да ауыз суды субсидиялау саласында жемқорлық тәуекелдері анықталды

Динара Амантай

Бірқатар елді мекеннің 37 мың тұрғыны ауыз су үшін ақшаны толық тариф бойынша төлеуге мәжбүр

Фото: СЖҚА БҚО бойынша департаменті

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет БҚО бойынша департаментінің мәліметінше, жүргізілген мониторинг нәтижесінде халыққа ауыз суды өткізуді субсидиялау саласында жемқорлық тәуекелдері анықталған.

Мониторинг барысында әкімдіктің қаулыларымен облысты ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздері саналатын сумен жабдықтаудың ерекше маңызды оқшау жүйелерінің тізбесі бекітілген. Бұл ретте аталған тізбеге 52 елді мекеннің жергілікті су құбырлары енгізілмеген. Соның салдарынан халық ауыз суды субсидиялау мүмкіндігінен айырылған болатын.

Ведомство өкілдерінің мәліметіне сәйкес, Теректі ауданының Подхоз, Придорожное, Подстепное, Социализм ауылдарының су құбырлары бойынша текше метр судың құны – 643,7 теңге. Осылайша, облыстың 52 елді мекенінің 37 мың тұрғыны ауыз су үшін ақшаны толық тариф бойынша төлеуге мәжбүр. Ал уақтылы субсидиялау болған жағдайда 1 текше метр судың бағасы орта есеппен 90 теңге болды.

Анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдері лауазымды тұлғалардың өз міндеттерін тиісінше орындамауының, аталған саладағы рәсімдерді реттемеуінің көптеген фактілерін көрсетеді. Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері – Үкіметтің стратегиялық міндеті. Оның шешімі адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді, - деп түйіндеді сөзін БҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Әділхан Сабуров.