Halyq Uni логотип
×

Астана – Санкт-Петербург бағытындағы ұшақтың миналанғаны хабарланды

Сот күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады

 Динара Амантай 26.09.2023 | 15:21
Астана – Санкт-Петербург бағытындағы ұшақтың миналанғаны хабарланды
Фото: polisia.kz

Полиция қызметкерінің мәліметінше, «102» арнасына белгісіз азаматтан Астана – Санкт-Петербург бағытындағы әуе рейсінің миналанғаны туралы хабарлама түскен. Дереу шұғыл қызметтер жұмылдырылып, бортты тексеру жүргізілді. Нәтижесінде қандай да бір жарылғыш құрылғылар табылған жоқ.

Көліктегі ПД басшысы Бақытжан Малыбаевтың айтуынша, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында көлік полицейлері 36 жастағы шетелдік азаматты ұстаған. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қаскүнем өз кінәсін мойындап, сот күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

Б. Малыбаев терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау айтарлықтай күш пен қаражаттың жұмсалуына әкеп соқтыратынын атап өтті: кіру жолдары жабылып, құқық қорғау органдарының қызметкерлері нысанды қоршап алады. Адамдар мен қызметкерлерді эвакуациялау жүргізіліп, өрт және жедел жәрдем қызметтері, жарылыс техникалары мен кинологтар тартылады, рейстер тоқтатылады немесе кешіктіріледі. Бір сөзбен айтқанда әуежайлар мен теміржол вокзалдарының жұмысына тосқауыл қойылады.

ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы, яғни, терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау 5 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылықты көздейді. Сонымен қатар кінәлі адам сот шешімі бойынша оқиға орнына жалған қоңырау шалу арқылы шақырылған жедел ден қою қызметтерінің шығындарын толық көлемде өтейді, – деді көліктегі ПД басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама