Уланған бес бала оңалту бөліміне ауыстырылды
Қарағандыда балалардың жаппай улануы бойынша тергеу әлі аяқталмады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство басшысының айтуынша, бүгінде уланған бес бала әлі емделіп жатыр.
Қазір балалар оңалту бөлімінде жатыр, олар 21 күн бойы оңалтудан өтеді, - деді Ажар Ғиният.
Министр тергеу жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Тергеу органдары улану себебін анықтап жатыр. Прокуратура әлі тексеру жүргізіп жатыр, - деді министр.
Ведомство басшысы Қарағандыдағы балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерлері жұмысын жалғастырып жатқанын айтты.
«Барлық бала бақылауда. Орталықтағы медицина қызметкерлері жұмысқа қайта кірісті. Тергеу кезінде олар шақырылған. Сондықтан жұмыстан шеттетілді. Алайда қазір медицина қызметкерлері жұмысын жалғастырып жатыр», - деп сөзін түйіндеді Ажар Ғиният.
Еске салайық, биыл 30 шілдеде Қарағанды облысындағы балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалар жаппай уланған болатын. Салдарынан 2 бала көз жұмған еді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, балалардың улануына тамақтың қатысы жоқ.