×

Жыл басынан бері 16 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алған

Олардың жартысы (53,6%) Өзбекстаннан келген

 Динара Амантай 26.09.2023 | 11:35
Коллаж: gov.kz

Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 16 мың 26 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 123,2 мың этникалық қазақ оралған.

Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (53,6%) – Өзбекстаннан, 19,6%-ы – Қытайдан, 10,9%-ы – Моңғолиядан, 7,8%-ы – Ресейден, 5,9%-ы – Түрікменстаннан және 2,2%-ы – басқа елдерден.

Осы жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылардың саны – 61,4%, еңбекке қабілетті жастан кішілер – 30% және зейнеткерлер 8,5% болды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15,6%-ы жоғары білімді, 34,4%-ы орта кәсіби білімді, 41,2%-ы жалпы орта білімді.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңіріне қоныстанды.

Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер (Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары) анықталды.

Қоныстандыру өңірлерінде 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 1 925 адам болды. 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 773 қандас қоныс аударды.

Жыл басынан бері 918 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 493 адам тұрақты жұмысқа орналастырылып, 918 адам біржолғы субсидия алды, ал 383 қандасқа тұрғын үй шығындары субсидияланды.

Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4 млн теңгеге дейінгі мөлшерде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.

Еске сала кетсек, осы жылы пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылды. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге келу, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Бүгінде республиканың шет елдердегі мекемелері арқылы этникалық қазақтардан жаңа форматта 2 037 өтініш (681 отбасы) қабылданды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама