СҚО-да үнемі қой ұрлаумен айналысқан 7 жігіт қамауға алынды
Малдары ұрланған тұрғындар полицияға жүгінбеген
СҚО Есіл ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері бірнеше мал ұрлығын жасады деген күдікпен облыстың 18-22 жас аралығындағы 7 тұрғынына қатысты тергеу жүргізіп жатыр.
Қылмыстар биыл жазда Есіл ауданында, тағы 2 факті Мамлют және Шал ақын аудандарында жасалған. Белгісіз қылмыскерлер ауыл тұрғындарының қора-қопсыларына кіріп, қойларды ұрлаған. Бір ұрлағанда 6 бас қойдан алып кетіп отырған.
Тамыз айында жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер облыстың 7 тұрғынын әшкереледі. Тергеу барысында олардың ұрланған малдың етін Петропавл қаласында сатқаны анықталды. Сатып алушыдан 4 бас қой тәркіленді.
Белгілі болғандай, малдары ұрланған тұрғындар полицияға жүгінбеген. Малдары өздері жоғалып кеткен болуы мүмкін деп ойлаған. Бірқатар фактілер тек тергеу барысында анықталды.
Бүгінде бұл істе 10 эпизод бар. Соңғысы сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне 19 қыркүйекте тіркелген.
Барлығы 31 малдың ұрланғаны белгілі болды. Күдіктілер қамауға алынды. ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 3-бөлігі («Мал ұрлау») бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.