Тергеу жүргізіліп жатыр
Шымкентте әтір ұрлаумен айналысқан әйел мен оның қызы ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Әл-Фараби аудандық ПБ-ға қаладағы сауда орталықтарының бірінде орналасқан косметика дүкенінен парфюмерия ұрланғаны туралы хабарлама түскен. Арызданушы екі тұтынушының сауда орнынан парфюмерия өнімдерін жасырын түрде алып кеткенін көрсетті. Сондай-ақ олар бұған дейін де үш рет осы дүкенге келіп, ұрлық жасаған.
Криминалдық полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының жазбаларын тексеріп, қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтады. Олар жергілікті тұрғындар – анасы мен қызы болып шықты. Жалған сатып алушылар сөредегі тауарларды мұқият қарап жүргендей кейіп танытып, қымбат әтірлерді тез әрі байқатпай сөмкеге салып, артынша сауда нүктесінен кетуге асыққан, – делінген хабарламада.
Қазір полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы («Ұрлық») бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу амалдары аяқталған соң қылмыстық іс процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданады.