×

Пуэрто-Рикода өтетін әлем чемпионатында бақ сынайтын қазақстандық жас кәсіпкерлер анықталды

Елордада студенттер мен оқушылар кәсіпкерлігі бойынша ұлттық кубок өтті

 Динара Амантай 13.05.2022 | 20:30
фотолар: Halyq Uni

12-13 мамырда ENACTUS Kazakhstan қоры National Expo 2022 аясында студент-кәсіпкерлік, стартаптар және инновация бойынша ұлттық кубок және мектеп кәсіпкерлігінің IIІ республикалық чемпионатын өткізді.

ENACTUS Kazakhstan National Expo 2022 – бизнес көшбасшылары алдында әлеуметтік, экологиялық және экономикалық жобаларын қорғайтын 100-ден астам отандық ЖОО мен мектептер үшін жылдың басты оқиғасы. Осы іс-шаралар қатарындағы басты шара – студент-кәсіпкерлік бойынша ұлттық кубок. Ұлттық кубок жеңімпазы болған Пуэрто-Рикода 35 елдің қатысуымен өтетін әлем біріншілігінде Қазақстанның намысын қорғау құқығына ие болады.

Мектеп чемпионатының жеңімпаздары үшін бас жүлде – Нархоз университетінде бакалавриат бағдарламасы бойынша тегін оқуға 4 грант (4 жыл).

Аталмыш шараға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, «Altyn Qyran Foundation» қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Райымбек Баталов және т.б. бизнес өкілдері қатысты.

Біріншіліктің салтанатты ашылуында БҒМ министрі Асхат Аймағамбетов Жаңа Қазақстанды құруда әділетті, білімді, инновациялық, кәсіпкерлігі дамыған жастарды қалыптастырудың маңызы ерекше екендігін атап өтті.

«Бүгін Қазақстан астанасында өте маңызды іс-шара өтуде. Баршаңызды оның басталуымен құттықтаймын. Бұл қозғалысқа мектептер, колледждер, университеттер белсенді түрде қатысады. Қазір біз ХХІ ғасырдың маңызды бағыттарын – бірлікті, командада жұмыс істеу дағдысын дамытуға тиіспіз. Сондықтан министрлік үшін мұндай бастамаларды қолдау маңызды. Қатысушылардың барлығына сәттілік тілеймін!», – деді министр.

Сонымен қатар, мектептерде оқушылардың қаржылық сауаттарын ашу үшін 2-3 жыл бұрын «Кәсіпкерлік негіздері» пәнінің енгізілені туралы айтты.

ENACTUS Kazakhstan қозғалысының бас демеушілерінің бірі «Altyn Qyran Foundation» қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов аталмыш шараның еліміздің келешегіне салынған инвестиция екенін айта келіп, жастардың болашақта үлкен жетістіктерге жететіндеріне сенім білдірді.

«Кешеден бері кеудесінің оты бар жүздеген талантты, талапты жас кәсіпкерлер әлеуметтік, экономикалық, экологиялық жобаларын қорғап шықты. Осы жарысқа қатысушылардың әрқайсысы – «кәсіпкер» деп атауға лайық, еліміздің болашақ бизнес-лидерлері деп білемін. Сондықтан ENACTUS сияқты ірі жобаның жүзеге асырылуын қолдаймыз. «Altyn Qyran Foundation» қоры – екі жыл қатарынан ұлттық чемпионаттың бас демеушілерінің бірі. Мұндай шаралар Қазақстанда кәсіпкер ұлттың қалыптасуына ықпал етеді деп сенемін», – деді Исламбек Салжанов.

Салтанатты ашылудан кейін жарысқа қатысушылардың әлеуметтік-кәсіпкерлік жобаларының көрмесі өтті. Онда әр сайыскер өз жобасының артықшылықтарымен таныстырып, инновациялық идеясымен бөлісті.

Сайыс нәтижелері бойынша С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ студенттерінің командасы Пуэрто-Рикода өтетін әлемдік бәсекеде Қазақстанның намысын қорғайтын болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама