Жыныстық жолмен ВИЧ-инфекциясын жұқтырған жастар көп – эпидемиолог
Есепке алынған жезөкшелер арасында бұл ауру белгілері жоқ
Ақтөбелік эпидемиолог дәрігерлер өңірде ВИЧ-инфекциясын жыныстық жолмен жұқтырған жастар көбейгенін айтып, дабыл қақты.
Жалпы, Ақтөбе облысында 551 адам ВИЧ-инфекциясын жұқтырған десек, биыл төрт айдың ішінде 25 адамнан сондай ауру белгілері анықталған. Оның 88 пайызы жыныстық жолмен, қалғаны есірткі тұтыну барысында жұқтырған.
Қауіпті вирусты жұқтырушылардың дені – 20-39 жас аралығындағы азаматтар. Алғашқы жыныстық қатынастан кейін жұқтырғандар да бар. Сауалнамадан соң көбінің мүшеқап қолданбайтыны белгілі болды, - дейді облыстық ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың эпидемиолог дәрігері Динара Оразалинова.
Оның айтуынша, бұл тек Ақтөбеге қатысты мәселе емес. Жалпы қоғамда қорғалмаған жыныстық қатынасты таңдайтындар көп. Әйтеуір бір жақсысы, соңғы 4-5 жылда өз еркімен тексеруден өтетіндердің қатары артқан.
«Дерт әйелдерге қарағанда ерлерде көбірек тіркеледі. Бұл ауруды толық емдеу мүмкін болмағанымен, адам әрі қарай қалыпты өмір сүре алады. ВИЧ жұқтырып, дұрыс емделудің нәтижесінде жүктілікті жоспарлайтындар, дені сау сәби өмірге әкелетіндер бар. Сондықтан әр 3 ай сайын қан талдамасын жасатып, уақытында ем алса, нәтижесі де жақсы болады», - дейді эпидемиолог.
Сонымен қатар, дәрігерлер Полиция департаментінде есепке алынған жезөкшелер арасында бұл ауру белгілері жоқ екенін алға тартып отыр. 2000-жылдардың басындағыға қарағанда, қазір есірткі тұтынушылар арасында да ВИЧ белгілері азайған.