Ақтөбеде бойжеткендер екі жігіттің телефонын жымқырып кеткен (ВИДЕО)
Тергеу жүргізіліп жатыр
Ақтөбеде бойжеткендер екі жігіттің телефонын жымқырып кеткен, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 19 қыркүйекте «102» арнасына екі жігіт ұрлық дерегі бойынша арызданған. Олардың айтуынша, жігіттер қаладағы дәмханалардың біріне тамақтануға барған. Дәмханада олардың үстелдеріне екі бойжеткен келіп отырған. Бойжеткендердің біреуі жігіттердің бірінің бұрынғы танысы болып шыққан.
Телефондарын үстел үстінде қалдырып, сыртқа шыққан екі жігіт біраз уақыттан кейін келгенде телефондарын да, бойжеткендерді да таппай қалған. Жәбірленушілер өздеріне келтірілген шығын көлемін 83 мың теңгеге және 180 мың теңгеге бағалады.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының жазбалары арқылы күдіктілерді анықтап, полиция бөліміне жеткізді.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер кінәсін мойындады. Тергеу жүргізіліп жатыр.