Әлеуметтік осал топтардың құқығын бұзған органдарға 44 млн теңгеден аса айыппұл салынды

Динара Амантай

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің аумақтық департаменттері 2023 жылдың 1 жартыжылдығында 750 тексеру жүргізген

Фото: Halyq Uni

Әлеуметтік инспекторлар халықтың әлеуметтік осал топтарының құқығын қорғау мақсатында 347-ден астам тексеру жүргізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ҚР Әлеуметтік кодексінің күшіне енуімен осы жылдың 1 шілдесінде елімізде құзыретіне мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды іске асыру кіретін мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары институты енгізілді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, аталмыш кезеңде әлеуметтік инспекторлар 347 тексеру жүргізіп, оның 151-і профилактикалық бақылау шеңберінде, 196-cы жоспардан тыс тексерулер болды.

Мемлекеттік бақылаумен 54 мектеп, колледждер мен балабақшалар, 44 жергілікті атқарушы органдардың облыстық және аудандық бөлімдері, 65 басқарма және жұмыспен қамту бөлімдері, 15 дүкен, 5 сауда орталығы, 16 медициналық-әлеуметтік мекеме, 9 емхана, аурухана және дәріхана, 5 халықты талқылау орталығы, 2 банк бөлімшесі, 3 Қазпошта бөлімшесі, 3 кәсіпорын, 1 фитнес-клуб, 4 санаторий, 2 кафе, 2 шаштараз және т.б. қамтылды.

Мәселен, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті жүргізген жоспардан тыс тексерулер нәтижесінде Лисаков арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында арнаулы әлеуметтік қызметтерді сапасыз ұсыну және Small сауда объектілерінде көру функциялары бұзылған адамдар үшін ақпараттық құралдардың болмауы фактілері анықталды. Тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді, сондай-ақ әкімшілік жауапкершілік шаралары қабылданды.

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ филиалының Талғар аудандық жер кадастры және тіркеу бөліміне тексеру жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша лауазымды адамға анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді, сондай-ақ әкімшілік жауапкершілік шаралары қабылданды.

Мемлекеттік әлеуметтік инспекторлар институты енгізілгенге дейін ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің аумақтық департаменттері 2023 жылдың 1 жартыжылдығында 750 тексеру жүргізді. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы 533 ұйғарым беріліп, 44 млн теңгеден астам сомаға 233 айыппұл салынды.