×

«Жетіскеннен джип мініп жүрген жоқпыз». Жолы тозған, егін еге алмайтын Ақтөбе ауылы туралы

Ауылдағы көпірдің тозығы жеткен, тұрғындар қыста көмір түсіре алмай әуре

 Думан Қырықбаев 13.05.2022 | 15:59
фотолар: Halyq Uni

Алматы облысындағы Ақсу ауданына қарасты Ақтөбе ауылының тұрғындары тек жол талғамайтын көлік мінеді. Оның өзі санаулы ғана адамда бар.

Аядай ғана ауыл халқы асып-тасығаннан биік көлік мініп жүрген жоқ. Өйткені ауыл ішіндегі, одан бөлек ауданмен екі ортадағы жолдардың тозығы жеткен. Жолдардың кейбір бөлігін су басып қалған. Ауыл мен ауданның арасы небәрі 17 шақырым екен, бірақ тұрғындар 20 минутта жететін жерге сағаттап уақытын жұмсайды екен.

Талғат Баймұханов есімді ауыл тұрғыны азық-түлік, керек-жарағы үшін аптасына үш мәрте аудан орталығы - Жансүгіров ауылына қатынауға мәжбүр екен.

«Жолдың жағдайы қиын. Ойдым-ойдым, шұңқыр. Жол бойында ірі тастар жатады. Жолдың біраз бөлігін су шайып кеткен. Жеңіл көлікпен жүре алмайсыз. Жол талғамайтын көліктердің өзі әрең жүреді. Жиі бұзылады. Бар ақшамызды көлік жөндеуге жұмсаймыз. Жергілікті әкімдіктегілерден асфальт төсеп бермесе де, тым құрығанда, шағылтас төсеп, тегістеп беруін сұраймыз. Ауыл халқы жол азабын тартып жүр», - дейді Талғат.

Сапасыз жол тек аудан мен ауыл арасындағы қатынасты ғана емес, диқандардың да жұмысына кедергі келтіріп отыр. Ел қатарлы егін екпейді, дән сеппейді. Себебі, егін еккенмен, оны жинайтын комбайн сияқты техникаларды ауылға жеткізе алмайды. Ауыл іргесінде игерілмей жатқан жерлер өте көп. Бүгінде көл-көсір астық жинайтын жерлер жайылымға айналған.

Ауылдағы көп мәселесі жолға тіреліп тұр. Егер жолымыз тегіс болса, егістікке қажетті техникалар әкеліп, бос жатқан жерлерді пайдаға жаратар едік. Арнайы техника болмаған соң, астық себілмейді. Біз қазір тек малмен жан бағып отырмыз, - дейді Дулат Ысқақов есімді ауыл тұрғыны.

Ақтөбе ауылындағы тағы бір мәселе - кеңестік кезеңде салынған ағаш көпір. 1969 жылы ауылға студенттер отряды келіп, Ақсу өзенінің үстінен орнатып берген өткелдің де тозығы жеткен. Өткелдің бөренелері шіри бастаған. Адам үшін де, көлік үшін де қауіпті. Көліктің салмағына шайқалып, опырылып кете жаздайды екен. Өткелдегі қауіптің салдарынан Ақтөбе ауылының тұрғындары қыста үйіне көмір жеткізе алмай жүр. Себебі, ауыр жүк көліктері көпірден өте алмайды.

Ауыр салмақ түссе опырылып кеткелі тұр. Бәрі қорқады. Камаздар ауылға өте алмай, көмірді жақын маңдағы жотаға төгіп кетеді. Сосын оны қаппен ауылға тасимыз. Көрген күніміз осы, - дейді ауыл тұрғыны Қыдырбек Мұсабек.

Ақтөбе ауылындағы мәселелер мұнымен шектелмейді. Электр бағаналары да әбден ескірген. Ауылда дәрігер тұрмақ, қарапайым фельдшер де жоқ. Бас ауырып, балтыр сыздаса, қаралу үшін Суықсай ауылына бару керек.

«Басқа әлемде өмір сүріп жатқан секілдіміз. Бізге фельдшер керек. Жасы үлкен кісілер бар. Жиі ауырады. Аудан орталығындағы ауруханаға қаралуға жол жүру қиын. Көлік теңселгенде сау адамның да бүйрегі түсіп қала жаздайды. Жолымызды, көпірімізді, жарығымызды жөндеп берсін. Ел қатарлы өмір сүргіміз келеді. Бар талабымыз осы», - дейді Раиса Әпсеметова деген тұрғын.

Ақтөбе ауылы тұрғындарының мәселесін Ақсу ауданы әкімдігі жақсы біледі екен. Бірақ ауыл тұрғындарының талабы жақын арада орындалмайтын сияқты. Биыл тек электр бағаналарын ауыстыру жайында ғана жоспар бар.

«Биыл электр жүйесін жаңарту жоспарланған. Бірақ, ол аудандық электр жүйесінің меншігінде. Олар осы жылы бетон бағаналарды ауыстыруы керек. Ал, фельдшер, медпункт мәселесіне келсек, Ақтөбе елді мекені қарайтын Суықсай ауылдық округінде амбулатория бар. Онда бір фельдшер қызмет атқарады. Медпункт салу бізде 2024-жылға жоспарланып отыр», - деді Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Ғазиз Есжанов.

Әкімдік өкілі жол мен көпірдің қашан жөнделетіні туралы нақты жауап бере алған жоқ. Бір-екі жылдың көлемінде тек Суықсай мен Ащыбұлақ ауылдары арасындағы жол ғана жөнделуі мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама