Halyq Uni логотип
×

Ақмола облысында мектеп директоры жауапқа тартылды

Антикор ұрлық, парақорлық және өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілерін анықтады

 Динара Амантай 23.09.2023 | 12:41
Ақмола облысында мектеп директоры жауапқа тартылды
Фото: Halyq Uni

Ақмола облысында білім беру саласындағы жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Бұл туралы Қоғамдық кеңес отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Жақиялин мәлемдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жүргізілген сыртқы талдау көрсеткендей, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру тетігінің жетілмегендігімен, білім беру қызметкерлерін орталықтандырылған есепке алудың болмауымен, сондай-ақ процестерді цифрландыру мен автоматтандырудың жеткіліксіздігімен байланысты.

Мәселен, Департамент ауыл мектебінің бухгалтері жалақыны негізсіз асыра аударғанын анықтады. Мұндай бюджет қаражатын ұрлау директордың бухгалтерге цифрлық кілтті беруіне байланысты мүмкін болды. Бұл аса ірі мөлшерде ақша ұрлауға әкеп соқтырды. Мұндай құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті ҚПК-нің 200-бабының тәртібінде сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою жөнінде тиісті шаралар қабылдау туралы ұсыныс енгізді.

Атап айтқанда, облыстық білім басқармасына ақпараттық жүйелерді тұлғалардың мемлекеттік деректер базасымен интеграциялау мәселесін қарастыру, бухгалтерлерге бірінші басшылардың ЭЦҚ беру тәжірибесін жою, қаржылық операцияларды растау үшін саусақ ізінің биометриялық сканерлерін енгізуді қарастыру ұсынылды.

Бағынысты қызметкерінің сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін мектеп директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, өңірдің Антикор басшысы Асхат Оразхан облыстың 400-ге жуық білім беру мекемелерінің өкілдерімен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша түсінік беру кездесуін өткізді.

Біз білім беру қызметкерлеріне еңбекақы төлеу қорын кездейсоқ талдаған жоқпыз. Барлық бюджеттің 70%-ға жуығы дәл осы салаға бөлінеді және ұрланған бюджет қаражатының негізгі үлесі төлем қорына тиесілі. Негізінен ұрлық, парақорлық және өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілері анықталды. Барлық анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бойынша біз тиісті ұсыныстар жолдадық. Қазір олар білім басқармасының орындауында, – деді Айдос Жақиялин.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама