Halyq Uni логотип
×

Нарынқол ауылында 10-сынып оқушысы көлікпен 6 қызды қағып кетті (ВИДЕО)

Бар жылдамдықпен оларды бірнеше метрге сүйреп әкеткен

 Еркеғали Болатұлы 22.09.2023 | 16:45
Нарынқол ауылында 10-сынып оқушысы көлікпен 6 қызды қағып кетті (ВИДЕО)
фото: stylishbag.ru

Алматы облысында көлік тізгіндеген 15 жастағы жасөспірім 6 оқушыны қағып кетті. Салдарынан әртүрлі жарақат алған 5 жасөспірім ауруханаға жатқызылды, деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Әлеуметтік желідегі оқиға орнынан түсірілген видеодан Subaru көлігінің жеке үйдің қоршауы мен тротуардың арасында тұрып қалғанын, сондай-ақ патрульдік полиция қызметкерлерін көруге болады. Жазба авторының мәліметінше, жол апаты Нарынқол ауылында болған.

Жүргізуші куәлігі жоқ 10-сынып оқушысы көлік тізгініне отырып, бар жылдамдықпен оқушы қыздарды қағып, бірнеше метрге сүйреп әкеткен. Оқушы 3 қыздың жағдайы ауыр – түрлі жарақат алған. Олардың бірі – менің сіңілім. Қазір оларды тасымалдауға болмайды, бірақ ауылда білікті дәрігерлер де жоқ, - делінген хабарламада.

Бұл жайтқа қатысты пікір білдірген Алматы облыстық полиция департаменті аталмыш факті Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-бөлігі бойынша («Жаяу жүргіншілерді қағып кету дерегі») полицияда тіркелгенін мәлімдеді.

21 қыркүйекте Райымбек ауданының полиция бөліміне Нарынқол ауылында Subaru көлігін тізгіндеген 15 жастағы жасөспірім рөлді басқара алмай, тротуарға шығып кетіп, жаяу жүргіншілерді қағып кеткені туралы хабарлама түскен. Оқиға салдарынан 2008 жылы туған 6 бала зардап шеккен, оның бесеуі әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылған. Қазір сараптама тағайындалып, тергеу амалдары жүріп жатыр, - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Сондай-ақ полиция көлік оқушының ағасына тиесілі екенін, оны жасөспірім сұрамай алып, дүкенге айдап кеткенін атап өтті. Автокөлік арнайы автотұраққа қойылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама