Жамбыл облысында мешіт қызметкері ретінде тіркелмеген
Кеше Жамбыл облысы Шу ауданының 30 жастағы тұрғыны 9 жастағы екі жеткіншекті ұзақ уақыттан бері зорлап келгені туралы ақпарат тараған болатын. Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша баспасөз қызметі сол жайтқа қатысты мәлімдеме жасады.
Күні кеше Шу ауданында болған сұмдық оқиғаны естіп жүрегіміз сыздады. Сонымен қатар бұл азғынды мешіт имамының көмекшісі депті жаңалықтарда. Алайда зорлықшы – Шу ауданы, Бірлік ауылының 1992 жылы дүниеге келген, еш жерде жұмыс жасамайтын тұрғыны. Мешітке кейде келіп жүргені болмаса, мешіттің діни рәсімдеріне қатысы жоқ. Жамбыл облысында мешіт қызметкері ретінде тіркелмеген, - дейді баспасөз қызметінің өкілдері.
Күдіктінің ауыл имамының көмекшісі екенін кеше Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази» мешіті бас имамының өзі де теріске шығарған болатын. Сондай-ақ ҚМДБ-ның жергілікті өкілдері Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылы 23 қазанда жарық көрген «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі және міндеттері» басылымында «мешіт көмекшісі» деген лауазымның жоқ екенін алға тартып отыр.
Қазір аталған дерек бойынша ҚР ҚК 12-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктіге қатысты қамауға алу бұлтартпау шарасы қолданылған.