Көмірді көлікпен әкетуге тыйым салу мерзімі ұзартылды

Дәурен Ерболат

Бұл халықты көмірмен үздіксіз қамтамасыз етумен байланысты

Фото: ortalyq.kz

Елімізде сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия көмірді автокөлікпен әкетуге тыйым салу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдады, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Ведомствоаралық комиссия отырысында көмірді көлікпен әкетуге тыйым салу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданды. Бұл алдағы жылыту маусымының басталуымен және халықты әлеуметтік көмірмен үздіксіз қамтамасыз етумен байланысты, - деп жазылған хабарламада.

Халықты газбен үздіксіз қамтамасыз ету және автомобиль нарығына жеткізу мақсатында сұйытылған мұнай газын автомобиль және теміржол көлік түрлерімен әкету бойынша шектеу белгіленген болатын.

Сондай-ақ комиссия отырысында жағармайға экспорттық баж салығын алып тастау мәселесі талқыланды. Тот баспайтын болаттан жасалған суық деформацияланған жіксіз құбырларға қатысты демпингке қарсы шараның қолданысын ұзарту және сыртқы сауда қызметінің басқа да мәселелері қаралды.

Айта кетейік, биыл мамырда Қазақстанда көмір мен лигнитті көлікпен әкетуге мамырда тыйым салынған еді.