Жетісу облысында ер адам көрші әйелді өлімші етіп сабаған
Алған ауыр жарақаттардың салдарынан әйелді құтқару мүмкін болмаған
Жетісу облысында мас тұрғын көршісін ұрып-соғып, салдарынан жәбірленуші әйел ауруханада көз жұмды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 19 қыркүйекке қараған түні Жаңаталап ауылының 30 жастағы тұрғыны көптеген дене жарақатымен ауруханаға жатқызылған. Алған ауыр жарақаттардың салдарынан әйелді құтқару мүмкін болмаған. Ол келесі күні ес жимастан көз жұмды. Полицейлер күйеуге шықпаған әйелдің қарт анасымен бірге тұрғанын және қатты соққы салдарынан өміріне қауіп төндіретін дене жарақаттарын алғанын анықтады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тәртіп сақшылары жәбірленушінің 43 жастағы ауылдасын ұстады. Ер адам көрші үйде тұрған және оның алыс туысы болып келеді. Қылмыстың себебі – екеуінің арасындағы жағымсыз қарым-қатынас. Олардың арасында жанжал туындап, мас ер адам әйелді соққыға жыққан, – делінген хабарламада.
Қазір ұсталған адам қамауға алынды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.