×

«Алла маған пөртішкіден береді». Бүлдіршінді құтқарған Сәбиттің анасы қуанышын жасырмады

Ерлігімен елге танылған Сәбит Шонтақбаевтың ауылдағы ата-анасы ағынан жарылды

 Халық үні 13.05.2022 | 15:17
Бүлдіршінді құтқарған Сәбиттің ата-анасы

Көзсіз ерлік жасап, сегізінші қабаттан құлағалы тұрған 3 жасар баланы құтқарған Сәбит Шонтақбаев Қызылорда облысы, Жалағаш ауданына қарасты Аққұм ауылының тумасы. Қазір ата-анасы мен туыстары сол ауылда тұрады. Сәбиттің ерлігін жақындары мен жерлестері мақтан етуде, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Аққұм аядай ауыл. Осы шағын елді-мекендегі Шонтақбаевтардың шаңырағы бірнеше күннен бері шаттық ордасына айналды. Себебі, Сәбиттің ерлігіне тәнті болып оның ата-анасына алғыс айтуға келіп жатқандар көп. Тіпті, жомарт азаматтар батырдың отбасын сый-құрметке бөлеп, қаржылай қолдау көрсетуде.

Сәбит жанұяда бес ағайынды, өзі егіздің сыңары екен. Ата-анасы ұзақ жылдар бойы ауыл совхозында еңбек етіп, зейнетке шыққан. Қазір олармен бірге қара шаңырақта үлкен ағасы тұрады. Ал, Сәбиттің еншісін алып, бөлек шыққанына 14 жыл болыпты. Бірақ кешеге дейін отбасымен Қызылордада пәтер жалдап күнелтіп келді.

Сәбиттің анасы Гүлбаршын Пірімбетова ұлының үнемі жақсылықтан үміт күтетінін жеткізді.

«Ұлымның баспанасыз жүргеніне қатты жүрегім ауыратын. Анамыз ғой енді, кейде бәйек болып «құлыным-ау, қашан өз ұяң болады екен?!», деп уайымдайтынмын. Сонда Сәбит саспастан: «Анашым, маған Алла порточкаден береді», деп үнемі осы сөзді айтып келді. Шыны керек, кешегі оқиғадан кейін таңғалдым, расымен жаратқан аузына сөз салған екен. Баламның періштенің өмірін сақтап, сауап пен қуанышқа қатар кенелгеніне разымын», - дейді анасы.

Ал, Сәбиттің әкесі Серік Шонтақбаев бірнеше жыл бұрын жол апатына түсіп, аяғынан ауыр зақым алған екен. Қазір балдаққа сүйеніп жүреді. Дегенмен, ерлігімен елге танылған ұлының батыл әрекетінен кейін бойына күш біткендей сезімде жүр екен.

Несін жасырайын, қатты толқыдым. Батылдығын жарыса мақтаған азамат менің ұлым болғаны төбемді көкке көтеріп тастады. Ал, әлгі видеоны көргенде қорыққаннан жүрегім жарыла жаздады. Расымен, көзсіз ерлік қой. Өз өмірін қыл үстіне байлап, өзгенің өмірі үшін күресу - екінің бірінің қолынан келмейтін батыл қадам деп білемін. Сол үшін ұлымды мақтан тұтамын!, - деді Сәбиттің әкесі марқайып.

Сәбиттің жұбайы Айгерім мен балалары (үш ұл, бір қыз) әзірге Қызылорда қаласында тұрып жатыр. Үлгілі жанға Нұр-Сұлтан қаласынан берілген 3 бөлмелі пәтер құрылысы жуырда толыққанды аяқталып, қоныс тойын тойламақ. Сондай-ақ, Сәбитпен бірге ерлік жасаған досы Сағиға да елордадан баспана бұйырды.

Елжас Әбділда, Қызылорда облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама