Инфекциялық аумақ 125 мың гектардан асады
Солтүстік Қазақстан облысында жатаған укекіре арамшөбі қаптады. Осыған байланысты өңірдің он бір ауданында карантин енгізілді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Нормативтік-құқықтық актілер сайтында Айыртау, Ақжар, Аққайың, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар, Тайынша, Тимирязев, Уәлиханов, Ғабит Мүсірепов, Шал ақын аудандарының аумағында карантин енгізу туралы қаулы жобасы жарияланды. Алайда бұл жайында жергілікті жауыптылар тіс жармай отыр.
Жатаған укекіре – астралылар тұқымдасына жататын, дәнді дақылдарға кесірін тигізетін көпжылдық арамшөп тектес өсімдік. Ол өз тұқымынан, тамыр жүйесінен улы химиялық заттарды бөлу арқылы өзге өсімдіктерді улап, құртады. Бұл арамшөп сондай-ақ үй мен түз жануарларына да өте зиян. Бір шаршы метр жерге 100 сабаққа дейін топталып, шоғырланып өседі. Ал тамыр кесінділері топырақта 3 жылға дейін сақталып, өміршең болып келеді. Мамыр-маусым айлары – олардың гүлдейтін кезеңдері. Олармен күресу оңай шару емес. Яғни, көптеген агротехникалық әдіске төзімді болады. Тіпті дәрілеуден кейін қайтадан өсіп жетілуі бек мүмкін. Қазір өңірде қауіпті өсімдік тараған аумақ 125 мың гектардан асады. Алқаптардың бір бөлігі дәріленеді.
Жалпы, бүгінгі таңда өңірде бұған қарамай егістік науқаны басталды. Ризығын жерден табатын диқандар қауымы, ылғал жабу жұмыстарын аяқтап қойды. Енді шарулар майлы дақылдарды егіп жатыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағы мамандардың мәліметінше, биыл өңірде егістік алқабы 4,3 миллион гектарды құрайды. Оның 3 миллион гектарына бидай, ал 1 миллион гектарына майлы дақылдар егіледі. Енді сәтін салса келер аптада диқандар бидай егу жұмыстарына кіріседі.
«Ауа райы қолбайлау болмаса келер аптада маңызды науқан басталады. Агроқұрылымдарға мемлекеттен 71 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінді. Яғни, дизельдің бір литрі 210 теңгеден берілді. Былтыр күзде 450 мың тонна тұқым дайындалып қойған. Бұл жағынан еш мәселе жоқ. Техникалар да сақадай сай. Мәселен, 17 миллиард теңгеге соңғы уақытта 776 түрлі техника сатып алынды», – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев.