Halyq Uni логотип
×

Президент архиві директорын тасымалдауға Land Cruiser 200 көлігі «жарамай» отыр

Мемлекеттік мекеме басшылығы кәсіпкермен соттасып жүр

 Ербол Тұрымбет 13.05.2022 | 13:31
Президент архиві директорын тасымалдауға Land Cruiser 200 көлігі «жарамай» отыр
коллаж: Halyq Uni

24 наурызда «Tandau Finance» ЖШС заңға сәйкес тендер ұтып алып, «ҚР Президенті архиві» РММ-мен келісімшарт (екі көлік) жасасады. Келісім бойынша мекеме басшылығы мен қызметкерлерін тасымалдауға тиіс болған.

Мекеме тапсырысын орындау мақсатында РММ басшысына арналған көлік ретінде Hyundai Azero маркалы автокөлік ұсынылыпты. Айта кетейік, мұндай көлік техникалық параметрлері бойынша жоғары орта санатты көліктер сегментіне жатады. Ал «Е» санатының орташа көрсеткіштерінің ұзындығы 4,8-5 метр, ені - 1,8 м. Алайда көлік ҚР Президенті архивінің директоры Әлия Мұстафинаның көңілінен шықпай отыр. Өйткені, мекеме басшылығы «автокөлік іскерлік көрініске сай келмейді», «түсі мемлекеттік мекеменің дәрежесіне лайықты емес» деген секілді бірнеше «кемшілікті» тізіп берген. Бірақ компания өкілдерінің айтуынша, мұндай критерий тендер өткізерде техникалық талаптарда көрсетілмеген.

Екіншіден, тендер талабы бойынша көліктің қозғалтқышы 3000 текше см болуы керек екен. Ал ұсынылған көліктің тапсырыс берушінің көңілінен шықпағаның басты себебі - көліктің техникалық төлқұжатында 2999 текше см деп жазылған. Алайда, бұл көліктің де 3000 текше см деп саналатыны, тіпті, салық төлемі де солай есептелетінін мекеме басшыларына түсіндіру мүмкін болмаған. Ал мекемедегілердің қалауы - бастапқы келісімде жазылған қозғалтқыш көлемі 3480 шаршы см болатын Toyota Camry (қара түсті).

Компания өкілдері тапсырыс берушілердің көңілінен шықпаған Hyundai Azero маркалы темір тұлпар орнына Toyota Land Cruiser 200 көлігін ұсынған. Оның техникалық параметрлері алдыңғысымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Бірақ, мекеме басшылығы оны да қабылдамай қойған.

Қалауы басқа, бірақ талабын нақты көрсетпеген мемлекеттік мекеме басшылығы енді «Tandau Finance» компаниясын сотқа сүйреп әлек. Енді бұл компания жұмысшыларына жалақысын, мемлекетке салығын төлеп жүрудің орнына, қазір құжат арқалап, өздерінің шалыс баспағанын дәлелдеумен басы қатып жүр. Істің ақ-қарасын енді сот анықтайды.

«Tandau Finance» ЖШС ресми өкілі Р. Жунусов Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотынан мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушысы деп тану туралы «Президент архиві» РММ-нің талап-арызын кері қайтаруды сұрап отыр. Ол тапсырыс берушінің әрекетінің заңсыздығына, жеткізуші тарапынан шарт талаптарын бұзу фактілерінің болмауына жеткілікті негіздер барын айтады.  

Серіктес жаңалықтары

Сараптама