Қызылорда облысының 17 мектебінде спорт зал жоқ
Жаңа оқу жылы қарсаңында проблемалық мәселелері шешілмеген бірқатар білім беру ұйымы анықталды
Облыс прокуратурасының 3-тоқсанға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, орта білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы тексерілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жұмыс жоспарының орындалу нәтижесі биыл 22 тамызда Қызылорда облысы прокуратурасының алқа мәжілісінде қаралды. Тексерудің нәтижесінде бірқатар мектеп бейнесінің сын көтермейтіні, жекелеген мектептер құрылысының аяқталмағаны, спорт алаңдарының талаптарға сәйкес келмеуі, мектеп аулаларында кәріз жүйелерінің ашық күйде қалуы және басқа да заңсыздықтардың жүйелі түрде қайталанғаны анықталды.
Арал ауданының Тоқабай ауылындағы №248 орта мектептің құрылысы кестеге сәйкес жүргізілмей жатыр. Салдарынан оқу процесі ауылдық округтің әкімдік ғимаратына ауысқан, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ жаңа оқу жылы қарсаңында проблемалық мәселелері шешілмеген бірқатар білім беру ұйымдары анықталған.
Атап айтқанда, облыс аумағындағы 17 мектепте спорт зал жоқ. Жалағаш ауданындағы 15 мектепте оқу жоспарлары білім беру стандарттарына сәйкестендірілмеген. Облыстың білім беру ұйымдарында физика, химия, биология кабинеттері бар болғанмен, 104 мектепте физика, 112 мектепте химия, 119 мектепте биология кабинеттері жаңа үлгідегі құрал-жабдықтармен қосымша қамтамасыз етуді қажет етеді, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар алқа отырысында облыс прокуроры кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық ахуалына тоқталып өтті.
Алқа нәтижесінде облыс прокуроры Қызылорда облысының әкімдігіне көрсетілген кемшіліктерді жоюды ұсынды.