Павлодар облысында мас күйде көлік жүргізген мектеп директоры жауапқа тартылды
Ол 7 жыл мерзімге көлікті басқару құқығынан айырылды
Павлодар облысында мас күйде көлік жүргізген мектеп директоры жауапқа тартылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Павлодар қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының мәліметінше, көлікті алкогольдік масаң күйде басқарған ауылдық орта мектептің директорына қатысты әкімшілік іс қаралған.
Іс материалдарына сәйкес, мектеп директоры 15 қыркүйекте көлікті мас күйде айдаған. Сот отырысында құқық бұзушы алкогольдік ішімдік ішпегенін айтып, кінәсін мойындамады. Алайда жүргізушінің уәждері сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен, лауазымды тұлғаның түсініктемесімен және бейнежазбамен жоққа шығарылды, – делінген сот хабарламасында.
Сот қаулысымен директор ҚР ӘКБтК-нің 608-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге көлікті басқару құқығынан айырумен 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жазаға тартылды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.