Halyq Uni логотип
×

«Қоластындағылардың нөмірін жатқа біле ме?»: адвокат Ерлан Қиясовтың мәлімдемесін қарастырмауды сұрады

Астана сотында Асхат Манкеев пен Сәдуақас Байғабыловқа қатысты іс қаралып жатыр

 Айгерім Таубай 19.09.2023 | 12:57
«Қоластындағылардың нөмірін жатқа біле ме?»: адвокат Ерлан Қиясовтың мәлімдемесін қарастырмауды сұрады
коллаж: Halyq Uni

Астанада пара беру ісі бойынша денсаулық сақтау министрлігінің лауазымды тұлғаларына қатысты сот жалғасып жатыр.

Іс бойынша айыпталушы – Жетісу облысындағы Ұлттық сараптама орталығының директоры болған Асхат Манкеев және Ұлттық сараптама орталығы төрағасының бұрынғы орынбасары Сәдуақас Байғабылов.

Арызданушы – денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Ұлттық сараптама орталығының басқарма төрағасы Ерлан Қиясов.

19 қыркүйекте өткен сот отырысында айыпталушы Асхат Манкеевтің адвокаты Динара Жұбатова соттан Қиясовтың 2023 жылдың 4 ақпанындағы жауабын дәлел ретінде қарастырмауды сұрады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Адвокаттың айтуынша, қылмыстық іс материалдарында Қиясовтың жауабы талапқа сай жазылмаған.

«Қиясов соттағы жауабында нақты қай күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ғимаратына арыз жазуға барғанын айта алмады. Сондай-ақ ол кіреберісте тексерістен өткен-өтпегенін нақтылай алмады. Алайда кез келген құқық қорғау органының ғимаратына кіретін кезде барлығын бөлек камераға түсіріп, жеке куәлігі арқылы тексереді. Қиясов агенттіктің қай жерде орналасқанын да айта алмады. Алайда мекенжайы қылмыстық іс материалдарында ол нақты көрсетілген. (...) Агенттік ғимаратына кірген кезде ұялы телефонды арнайы жәшікте қалдырамыз. Қиясов арызында телефон нөмірін көрсетіп, «бұл нөмір Асхат Манкеевке тиесілі» деп жазған. Ол қалай Манкеевтің телефон нөмірін жатқа біледі? Немесе қоластындағы барлық қызметкердің телефон нөмірін жатқа біле ме?», - деді адвокат Жұбатова.

Манкеевтің адвокаты арызды тіркеуге негіз болмағанын айтады, себебі әрекетті дәлелдейтін ешқандай нақты мәлімет көрсетілмеген. Тіпті Манкеевтің Қиясовқа хабарласқанын растайтын скриншот та ұсынылмаған.

2023 жылдың 22 тамызында өткен сот отырысына Ерлан Қиясов куәгер ретінде қатысты.

«3 ақпанда Асхат Манкеевпен телефон арқылы сөйлестім. Әңгіме барысында 5 мың доллар туралы айтты. Содан кейін қандай ақша және қандай жағдай туралы айтып жатқанын нақтыладым. Ол «өз орынбасарыңыздан сұраңыз» деп жауап берді. Сол әңгімеден кейін өзімнің орынбасарым Сәдуақас Байғабыловты шақырып, Манкеевтің не туралы айтқанын сұрадым. Ол хабары жоқ екенін, ақша алмағанын айтты. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңға сәйкес, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне, яғни басшылыққа хабар беруім керек екенін жеткіздім. Комитет төрағасымен сөйлескеннен кейін жауапты органға жүгіну туралы шешім қабылданды», - деді Қиясов.

Адвокат Динара Жұбатованың айтуынша, кез келген арызды сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тікеудің инструкциясы бар. Соған сәйкес, нақты мәлімет жоқ арыз тіркелмейді.

«Алайда арыз қылмыстық кодекстің 367-бабы 2-бөлігі бойынша бірден тіркелген. Бұл жерде «басқа біреу арқылы пара беру» көрсетілген. Демек тергеу органы «Қиясов арыз жазды, бұл Байғалыбов арқылы пара беру» дегенін қайдан білді? Арыздың өзінде және Қиясовтың алғашқы жауабында пара беру туралы айтылмаған. Онда тергеу органы арызды бірден ҚК 367-бабы бойынша тіркеді?», - дейді адвокат.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігінде жұмыс істеген Аманжол Өтеғалиев сотқа куәгер ретінде қатысты. Ол Манкеевтің 2 500 долларды өзі арқылы Байғабыловқа бергенін мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама