Абай облысында борышкерлер 116,4 млн теңге алимент төлемеген

Дастан Жұмабекұлы

Прокуратура сот орындаушылардың қызметін тексеріп, жүйелі заңбұзушылықты анықтады

Фото: Halyq Uni

Абай облысы прокуратурасының бастамасымен алимент өндіру мәселесі бойынша сот орындаушылардың қызметіне тексеру жүргізілді. Тексеру кезінде өрескел және жүйелі заңбұзушылыққа жол берілгені анықталды.

Сот орындаушылар жалақыға және мүлікке өндіріп алу бойынша шаралар қолданбаудың 50 фактісіне, ақшалай қаражатқа өндіріп алмаудың 14 фактісіне жол берген. Соның кесірінен борышкерлер алимент берешектерін төлемей, банктік шоттарынан 116,4 млн теңге шешіп алған.

Мысалы, алимент бойынша борышкер балаларының алдында 513 мың теңге берешегі болғанымен, өзінің қамауға алынған шотынан жалпы сомасы 2,7 млн теңгеге ақша қаражатын бірнеше рет алып тастаған, –  деп хабарлады Абай облысының прокуратурасы.

Осы факті бойынша сот орындаушысына қатысты Қылмыстық кодекстің 251-бабы («Өкілеттіктерін теріс пайдалану») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ борышкерлер өздерінің шынайы кірістерін жасырып, балаларды асырауға едәуір төмен мөлшерде алимент төлеген.

Мысалы, 2022 жылдан бастап бұрынғы жұбайы балаларға ай сайын 15-20 мың теңге көлемінде алимент төледі. Ал 2022 жылдың шілдесінен қарашасына дейін борышкердің шоттарына 13,7 млн теңге түсті, – делінген хабарламада.

Демек, ай сайынғы алимент төлемдерінің мөлшері бірнеше есе көп төленуі керек еді. Бірақ бұл сот орындаушысының назарынан тыс қалды.

Тексерудің нәтижесінде прокуратура өңірлік палатаға заң бұзушылықтарды жою туралы қадағалау актісін енгізді.

Балалардың құқығын қорғау мәселелері прокуратураның ерекше бақылауында.